Тексіздер тектестердің түбіне жеткен
28-29 жастағы қандықол қылмыскерлер – Максим Корякин, Максим Захарченко, Николай Чуприндерге ертең сағат 9.30-да үкім кесіледі. Олар екі адам өлтіргендері үшін, екі бұзақылық шабуыл жасағандары үшін айыпталып отыр.
Оқиға өткен жылдың 17 желтоқсанында Затобол кентінде болған. Осыған дейін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған үш жүгенсіз таңның атысынан Леонид Щербаковтың пәтерінде тентек суға ауыз былғайды. Бірқыдыру уақыттан соң «қонақтар» төрде тұрған соңғы үлгідегі үлкен көлемді теледидарға көздері түседі. Көп ойланбай, күшпен тартып әкетуді жоспарға алған. Ас бөлмесінде ащы судан ұрттасып отырып, араларындағы айлалысы Корякин қасақана есінен айырылған болып, үй иесімен шатыс ұйымдастырады. Жұдырық ала жөнеліп, ізінше Корякин Л.Щербаковқа 15 жерден пышақ сұққан. Көз жұмғанына көздері жеткен үшеуі 314 мың теңгенің «көк жәшігін» жалма-жан алып, тайып тұрған.
3 күннен соң қандықол Корякин мен Захарченко сағат 18.00 кезінде Үлкен Чураковтан Затобол кентіне қайтадан «қонаққа» келеді. Захарченконың танысына. Оның да тегі – Щербаков. Василий Щербаков атты зейнеткер. Бұл үйге де қанішерлер ішімдікке тоймақ мақсатпен келген… Ақыр аяғында қарт Щербаковтың да тағдыры дәл өткен жолғыдай аяқталды. Қаскөйлер оның денесіне 21 жерден пышақ ұрған және үйден 352 565 теңгенің тұрмыстық техникасын қолды етіпті. Айтпақшы, қос марқұм да бір-бірін жақсы таныған. Анығында, оларды да ішімдік «табыстырып» жүрген көрінеді.
Ал, ұрланған мүліктер арзанға сатылып, ақшалары жаратылып кетіпті. Қылмыскерлерге қандай жаза тағайындалатыны мамамандандырылған ауданаралық сотының отырысында ертең белгілі болады.