Кәсібінің көкжиегін кеңейте түспек
Ауданда «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие алып, өз шаруашылығымен айналысуға бет бұрғандар айтарлықтай. Солардың бірі Сорочин ауылдық округіндегі Мелитополь елді мекенінің тұрғыны – Бұғыбай Қабиденов.

-Қазіргі қолға алған кәсібім қыза түссе, келешекте қымызбен айналысқым келеді. Сол үшін бие сатып алдым. Бірақ, бұл биелерді басқа жақтан әкелгендіктен, оларды бүгінде байлап ұстап отырмын.
Жалпы, мен қатысқан мемлекеттік бағдарлама өте жақсы. Өз кәсібін ашамын деушілерге таптырмас тетік, – дейді Бұғыбай Қабиденов.
Қазіргі таңда 30 тұрғын үйі бар Мелитопольде тіршілік кешіп, келешекте қымызды қарқынды дамытқысы келіп отырған кәсіпкер жылқыға бала кезден құмар. Өйткені, әкесі бие байлап, анасы бие сауған. «Әке көрген оқ жонар» – дегендей, Бұғыбайдың баласы Талғат та әкесіне қол ұшын созып тұрады.
Мінеки, ұрпақ сабақтастығын дәлелдеген бүгінгі мақала кейіпкері 4 баланың әкесі, өзі Ресейде туып-өскен. Бірақ, сонда да дінін, ділін, тілін жоғалтпай, сарымайдай сақтап келген нағыз ұлтжанды азамат.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы