“Өшпес даңқ полкі” акциясы (фоторепортаж)
Соғыс ардагерлерінің суретін қолдарына ұстаған мыңнан аса тұрғын Қостанайдың орталық алаңына жиналды. Олар сұрапыл соғыста бақилық болған аталарының, әкелерінің ерлігін, жеңісін әспеттей шықты. Бүгінгі бейбіт күн солардың өр мінез мен қайтпас қайсарлығының арқасында келгені анық.
Жеңіс күні мейрамын тойлау үшін қостанайлықтар таңғы сағат 8:00-ден бастап облыстық әкімшіліктің алдына жинала бастады. Біреулер омырауын орденмен оқалаған батырлардың суретін ұстап келсе, енді біреулері зұлмат жылдардың куәгері болған ата-әжелерін жетектеп келеді.
Бүгіндері 15 мемлекетте кеңінен аталып өтетін «Өшпес даңқ полкі» акциясына Қостанайдағы барлық мектеп оқушылары мен студенттер, ересектер мен зейнеткерлер қатысты.
Олар өзара әңгімелесіп, туысқандарының соғыстағы ерліктерін айтып, сырласты. Топ арасында бірі Ұлы Жеңіске қуанып шаттанса, бірі майданда қаза тапқан жақындарын қимастықпен еске түсіріп, көзіне жас алған жандар да болды
Кенже Қонысбай
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ