«Рудный дауысына» – 20 жыл
Рудныйлықтардың жергілікті хабарларды теледидардан көріп, тыңдағанына 20 жыл толды.
1996 жыл. Сәуір айы. Кеншілер қаласындағы алғашқы телерадиохабар тарату желісінің іске қосылуы – еліміз етек-жеңін қымтап, кем-кетігін түгендеп, еңсесін тіктеп жатқан уақытпен тұспа-тұс келді. Ол кездегі материалдық-техникалық жағдай мәз болған жоқ. Соған қарамастан Иван Сущенко, Гүлнәр Қалқаева бастаған бастамашыл топ қиыннан-қиыстыра білді. Тұрғындарға жаңалықтарды тұрақты түрде, қазақ және орыс тілдерінде тарата бастады. Жиырма жылда телерадиокомпания ұжымы мыңдаған арнайы репортаждар мен бағдарламалар дайындап, облыстық және республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болды. «Рудный дауысының» бүгінгі бет-келбетін бұрынғымен салыстыруға келмейді. Құрал-жабдығы жаңа, ұжымы жас. Мақсаты-міндеті айқын.
Көрермен қауымның ойындағын дөп басып, көкейдегі сауалына жауап іздеу – тілшілердің міндеті. Ұжымды осы игілікті іске ұйымдастыруда «Рудный дауысының» қазіргі бас редакторы Кенжеш Мырзабекованың сіңірген еңбегі зор. Кенжеш Оразғалиқызы – 20 жылын телерадиожурналистика саласына арнаған тәжірибелі маман, білікті басшы. Еңбек жолын Лисаков қаласындағы «Акцент» телеарнасынан бастап, әлеуметтік мәселелер мен мемлекеттік тілдің тағдырына алаңдап, өткір-өткір сюжеттерді дүниеге әкеледі. Шыңдалады. 2004 жылы «Рудный дауысына» тілші болып жұмысқа тұрады.
– Рудный – темір кенімен танылған ірі өндірістік қалашық. Мұнда Елбасымыздан бастап, Үкімет мүшелері, шетелдік қонақтар жиі келіп тұрады. Сондықтан жұмысымның қызығы мен шыжығы мол. Осы жылдар ішінде қаншама әріптестер, ардагер ұстаздарымыз болды. Солардың барлығынан үлгі-өнеге алдық. Бүгінде редакцияның дені болашағынан зор үміт күттіретін жастардан құралған, – дейді Кенжеш Мырзабекова.
106,9 FM әуе толқынында хабар таратып келе жатқан «Рудный дауысы» радиосы да – өзінің тұрақты тыңдарманын тапқан заманауи ақпарат құралы. Қаламы қарымды, ойы жүйрік жастардан құралған шығармашылық топ қала тұрғындарына шынайы, әрі өзекті ақпараттар легін обьективті түрде жедел таратып отырады.
– Таңның атысынан кештің батысына дейін жанталасып жаңалық іздейміз. Бағдарламалар жасаймыз. Біріншісін жасап болсаң, келесі күні екіншісі дайын тұрады. Екіншісін аяқтасаң, үшіншісі бар. Осылайша дүйсенбі мен жұманың арасы қалай өтіп кеткендігін сезбей де қалады екенсің. Бұл жерде халықпен, мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста боласың. Жаңалықтарды, қабылданып жатқан заңдарды алғашқылардың бірі болып естіп, білесің. Халыққа оны жедел жеткізіп жатамыз. Жұмысым осынысымен қызық, осынымен ұнайды, – дейді радиожүргізуші Жанарыс Астанаев.
Мерейтой қарсаңында қалалық әкімдікте салтанатты жиын өтті. Оған билік өкілдері, құрылтайшылар мен бұқаралық ақпарат құралының қалыптасып, дамуына үлес қосып жүрген тілшілер қауымы қатысты.
Жиын барысында Әсел Мұтылапова, Ирина Федорчук, Ксения Кожабекова, Виталий Снесарь, Жанарыс Астанаев және тағы да басқа тілшілер қала әкімі мен «Рудный дауысы» телерадиокомпаниясының басшылығы тарапынан алғыс хаттарға ие болды.
«Қостанай таңы» газетінің ұжымы да әріптестерін құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейді. Ақпарат айдынында алар асуларыңыз әрқашан да биік болғай!
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ