Экс-әкім апелляциялық шағым түсірді
20 сәуірден бастап Қостанай қаласының бұрынғы әкімі мен экс-шенеуніктер, кәсіпкерлер сотқа апелляциялық шағымдар түсіре бастаған. Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына алдымен Ахмедбек Ахметжановтан, артынша Леонид Васильев, Сергей Биктибаев, Гагик Овнаняндардан істі қайта қарау жөнінде арыз жетіпті. Әзірге тек бұрынғы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиевтің қорғаушысы ғана шағымданбапты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз хатшысы Ләззат байғожина хабарлады:
– Ал бұған дейін Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен бас бостандықтарынан айырылғандарға қатысты екінші іс бойынша шағым да сотқа жетті. 20 сәуірде қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Жеңіс Шинкиннің қорғаушысы, 21 сәуірде қаланың бұрынғы әкімінің орынбасары Фрунзик Аракелянның қорғаушысы, 23 сәуірде «СМУ-2010» ЖШС директоры Александр Бобровныйдың қорғаушысы шағымданды.
Естеріңізге салсақ, 11 сәуір күні Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен Ахмедбек Ахметжанов 13 жылға, Мақсұт Қалиев 4 жылға, Леонид Васильев 14 жылға, Сергей Биктибаев 11 жылға, Гагик Овнанян 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұған дейін сәуірдің 7 күні Қостанай қалалық №2 соты бұрынғы қала әкімінің орынбасары Фрунзик Аракелянды 7 жылға, Жеңіс Шинкинді 9 жылға, Александр Бобровныйды 7 жылға соттау туралы шешім шығарған еді.
Қыдырбек Қиысханұлы