Байлық не дегізбейді

2014 жылғы 20.06 "Қостанай таңының" №64-ші санындағы Бас редактор бағанасындағы Жанұзақ Аязбеков ініміздің мақаласын оқып қайран қалдым. Бұрын бір мал жаназаға сойылса, оның жарты етін өлік жөнелткен күнгі асына, жартысын қырқына деп беретін (сақтайтын еді). Ал, мынадай ғажапты кім естіп, кім көрген. Жаназасына екі бие, қырқына бір бие соямын деді, байлыққа да барлыққа да жатпайтын жұмыс.
Мен қазір 72 жастамын. Соның 13 жасын сәбилік балалық дәурен десем, қалған 59 жылын халықпен, елмен араласып, жаман-жақсыны көріп өстім. Анау әйдік төре болғанымен орташа болып халықпен жұмыс істедім, біздің кезімізде де бай болғанымен шаруасы көтеретін азаматтар да өлік жөнелтті. Әркім барымен базар. Отбасы нашарлар да (кедей) өлік жөнелтті. Ал мынандай ел бұзарлық аусар, ақымақтықты кім көріп, кім естіп білген. Ел бұзар деп отырғаным өзгені де өзіндей болсын деп бәсекеге шақыру емес пе?
Байлық не дегізбейді
Тап осы жігіттей ақылсыз байлар қазір көбейіп барады. Ол ертең жаназаға "анадан мен кеммін бе? Мен үш бие соямын" демесіне кім кепіл. Ол да болар, бірінен-бірі асып түсер. Сонда қазағым қайда барамыз? Елге ұйытқы болады дейтін мына сияқты азаматтар байлығын асырып, бойларын жасырып, халыққа іштей ірткі салса басқамызға не жорық?! Алдыңғы көш қалай бастаса, біз де солай жүреміз деп қолдан келмейтініміз де, күшіміз жетпейтіндеріміз де қарызданып-қауғаланып мемлекеттен несие алып, өлігімізді жөнелтетін шығармыз. "Алтын басың болсын -құл, қолыңнан келмесе іске ұмтыл" деп Абай атам айтатындай өлік жөнелтеміз, қатардан қалмаймыз деп өзіміздің басы-ызды өзіміз құлдыққа апарамыз, неге-неге? Өз күшің жетпейді, мемлекеттен қарыз ал сонан-соң мемлекетке өмірлік құл бол. Құл емей немене, маңдай теріңді төгіп тапқан табысыңды, мемлекеттен алынған қарызыңа төлейсің де. Өзіңнің шаруаңды құлдилатып еңіске түсіресің.
Рас, өлі жебемей, тірі байымайды дейді. Сонда қалай байды екен? Бір күнде қос бие сойса, оның жалдайтын асханасымен шай қантының өзі біраз шығынға отырғызбай ма, жаназаны той ғып өткізетіндей бардікі ештеңе етпес. Жоқ жұқаналар тақырға отырып қалмай ма? Сондықтан бәсекелесті қояйық ағайын. Көп болып, мейманасы тасыған байларды сабасына түсірейік. Оларда көр соқыр емес шығар, түсінер. Түбтің-түбінде астамшылық жасағанын, қателігін мойындар. Бармақ тістеп қалар. Өткенді емес, келешегін ойлар деген үміттемін ағайын.
Халықтың байына да, кедейіне де айтарым, астамшылық болмасын. Текке шашылмасын демекпін.
Мен өз басым жаназаны тойға айналдыруға, бірінен-бірі асыра үй көтеруге қарсымын.
Бекер шашылғанмен өлген тіріліп келмейді.
Соны түсінгеніміз дұрыс. Бұлай деуім қалай ұнар ма екен оқырмандарға. Оны өздері шешер. Осы мақалаға орай мен сияқты қарттар да ой бөлісер деген ниеттемін.
 
Жолдыбай ШӘКІРҰЛЫ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓