Аудан өнерпаздарының концерті
Жанкелдин ауданындағы Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің жыл басында бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қостанай облысының 80 жылдық мерейтойына арналған “Айналдым еркін елімнен” атты аудандық көркемөнерпаздарының қорытынды концерті өз мәресіне жетті. Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин бас жүлдені жеңіп алған Жаркөл ауылдық округінің көркемөнерпаздарына арнайы алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етті. Сонымен қатар аталмыш ауылдың клуб меңгерушісі Бақыт Төлебаевтың көп жылғы тәжірибесімен, ізденісінің арқасында бүгінгі жеткен жетістігі өз жемісін беріп отырғандығын сөзіне арқау етіп, басқа ауылдарға үлгі бола алатындығын тілге тиек етті. Бірінші орынды Қалам-Қарасу ауылдық округі иеленді. Екінші орын иегері атанған Көкалат ауылы. Үшінші орын Шеген ауылының еншісіне бұйырды. Ал Сужарған ауылының жас әншісі Айнұр Әлібекова ең жоғарғы номинациямен марапатталды. Жүлдегерлер мен номинация иегерлері де сый-сияпаттан құр алақан емес.
Бұған дейін мәдениет үйінің директоры Гүлзат Хамзина мен әдістемешісі Қапуза Әлбек шалғайдағы ауылдарды аралап, ауыл өнерпаздарының өнерін бағалап, нағыз талант иелерін аудандық іріктеу кезеңіне өткізген болатын. Олар үмітті ақтады. Өнер сүйер қауымның көңілдерінен шықты. Ендігі кезекте аудан өнерпаздары ауданаралық облыстық байқауда өнер көрсететін болады.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы