«Өшпес даңқ» – ерлік шежіресі
Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі «Шығармашылық отау» клубының алғашқы мәжілісінде белгілі журналист-жазушы, «Қостанай таңы» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Сәлім Меңдібаевтың «Өшпес даңқ» кітабының тұсауы кесілді. Бұл мәдени шараны кітап авторымен ұзақ жылдар бойы бірге қызмет істеп, әріптесі болған сатирик жазушы Ғұмар Ахметчин жүргізді. Ол жиналған қауым алдында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укинді, кітаптың шығуына демеушілік көрсеткен Өмірзақ Ихтиляповты және кітап авторын ортаға шақырып, салтанатты түрде кітап бумасының лентасын қиды.
Содан соң «Өшпес даңқ» туралы алғашқы ой-пікірін білдіруге «Қостанай таңы» газеті Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков шығып сөз сөйледі. Ол сондай-ақ, аты аталған кітаптың редакторы да еді.
– Бұл кітап автордың ұзақ уақыт бойы жиған-терген еңбегінің жемісі. Былтыр Жеңістің 70 жылдығына орай газет редакциясы өңірдің барлық қала, аудандарын аралап, оқырман қауыммен жүздесті. Сонда кездесуге келген санаулы ардагерлер газет бетінде Ұлы Отан соғысы жайында, оған қатысқан жауынгерлердің өмірі туралы мақалалар топтастырылса деген өз ойын жеткізген еді. Міне, осы пікірді ескере отырып, жыл аяғына дейін басылым бетінде әр түрлі мақалалар мен майдандағы хаттарды үзбей жариялап келдік. Бұл материалдарды топтастыруға Сәкеңнің – Сәлім Меңдібаевтың ерен еңбегі бар. Ол алдымен «Қостанай таңы» газетінде қызмет істеген соғыс ардагерлері туралы жазды,– деп Сәлім Меңдібаевтың шығармашылық қарым-қабілетіне, игі істі бастап, одан әрі оның қалай жалғасқандығына, кітап шығару идеясының тууына не түрткі болғандығына кеңінен тоқталды.
Cондай-ақ, салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы,облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов сөз алып, жүрекжарды жылы лебіздерін жеткізді.
Авторды «Костанайские новости» газетінің редакторы Сергей Харченко, абыз ақсақал, ардагер, жазушы Қасымхан Алдабергенов, Меңдіқара ауданының құрметті азаматы Оралхан Таңжарықов, өңірге аты мәлім азамат, осы кітаптың демеушісі Өмірзақ Ихтиляпов сынды сақа азаматтар құттықтай келді. Ақжарма тілектерін, алғаусыз пікірлерін айтты. Барлығы да "Өшпес даңқ" кітабының мән-маңызына тоқталды, ең әуелі бұл жинақтың өскелең ұрпақ үшін құны өлшеусіз десті.
Сәлім Тоқмырзаұлы кеш соңында замандас, дос-жаран, жанашырларына алғысын айтып, кітаптың мазмұны жайлы әңгімелеп берді. Саналы ғұмырында тұңғыш рет кітабының тұсауы кесіліп жатқандығын, бұған дейінгі жылдарда жарық көрген он шақты туындысының мұндай салтанатпен өтпегендігін айтты.
Тұсаукесер кешінде журналист, әнші, жыршы Қыдырбек Қиысханұлы өнер көрсетіп, Сәлім Меңдібаевтан тәлім алып жүрген жас қаламгерлердің де тілегін жеткізді.
Материалдың толық нұсқасын газеттің ертеңгі нөмірінен оқи аласыздар.
Нұрболат Мешітбаев.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.