Ауылдың асқақ абыройы
Осинов ауылының құрылғанына 60 жыл толды
Қостанай қаласының іргесіндегі Осинов ауылының құрылғанына биыл 60 жыл толды. Бұл елді мекенді біреу білсе, біреу білмес. Бірақ, есімі ел ішінде кең таралған, тіпті шетел асып кеткен «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының тірегі осы Осинов десек қателеспейміз.
Өткен ғасырдың 57-ші жылы астық қоймасы ашылып, шаруалар қоныстана бастағанда, жақын маңдағы жылқы зауытына қарасты №2 ауыл құрылады. Кейін зауыт Заречный ауылы болып өзгерсе, Осинов сол күйінде қала береді. Міне, содан бастап адал еңбеккерлер алқапта тер төгіп, ата кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отыр. Шаруалар егін егіп, мал бағады. Мәселен, олар бір маусымда 150 тонна бидай орып, жылқы зауыты үшін 800-1000 тонна шөп шабады.
Бүгіндері мұнда 300 мыңға жуық адам тұрады. 14 ұлттың өкілі бар. Алғаш қоныстанған азаматтар да осында. Ендігі олардың балалары, немерелері жұмыс істеп, әке ізін жалғап отыр. Осынау мерейтой қарсаңында қала асып кеткен бұрынғы осиновтықтар да ауылға ат басын бұрыпты.Мерекені «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры, белгілі ғалым Набидолла Кикебаев ұйымдастырды. Ол ауылға үнемі көмек көрсетіп, қолдау білдіріп отырады. Енбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін назардан қалмайды. Ағамыз 60 жылдық мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне барынша атсалысты.Ауыл мектебінің ауласында жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды. Шара барысында Набидолла Аханұлы аянбай еңбек етіп жүрген, ауылдың сыйлы азаматтарын «Қазақ тұлпары» зауытының 125 жылдық медалімен марапаттап, сый-сияпатын берді. Мәселен, көп жылдар бойғы еңбегі үшін механизаторлар Жәнібек Есмағанбетов, Иван Балашов. КСРО медалінің иегері, бұрынғы шаруа Ирина Морозова, еңбек ардагері, Осиновтың қарт тұрғыны Александра Кошелева құрметке бөленді. Бұл күні ауылдың ең жас тұрғыны Арина Бейлова есімді сәбиге де сыйлық табысталды.-Бұл ауыл тұрғындары біздің зауыттың тірегі. Алқапта тер төгіп, адал еңбегінің жемісін көріп отырғандар. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан еңбек туын құлатпай, көпшілікке үлгі болып келеді. Кеңес үкіметі құлаған тұста қаншама совхоздар күйреді, ал Осинов әлі мызғымай тұр. Осыдан 10 жыл бұрын ауылымыздың 50 жылдығын жоғары деңгейде атап өткен едік. Бұның бәрі ауылдықтар үшін, олардың көңілі бір көтеріліп, серпіліп қалса деймін,-дейді Набидолла ағамыз.Бұл күні бәрі қуанышты. Ән әуелеп, күй қалықтап тұр. Тойдың көркі спорттық ойындар басталғанда қыза түсті. Әуелі ауылдықтар волейбол ойнап, арқан тартысып, жігіттер жағы қой көтеріп күш сынасты. Дәл осы қой көтеруде жиналған жұртшылықтың делебесі қозды. Білек күшіне сенгендер жануарды бірнен соң бірі асырып, бәсекелестікті арттырды. Үмтікерлер саны азайған сайын, одан сайын ушығып, талас-тартыс күшейді. Ауыл азаматы Қайрат 60 рет көтеріп, айқын басымдықты көрсеткен болатын, алайда Александр Велин есімді бозбала намысқа тырысып, бұны 80-ге жеткізді. Ауылдықтар бірауыздан қолдап, қойды Александрдың қанжығасына байлады. Бұл сайысқа бәс тіккен ауыл басқарушысы Берік Қорғанбеков еді.Шара соңында ауылдың қарт кісілері сөз алып, өткенге зер салып, тарихтан сыр шертті. Тірі тарихқа айналған ақсақалдар өскелең ұрпаққа ақыл-кеңесін айтып, алғысын да жеткізді. Өйткені, мұнда өз шаруашылығын ашып, кәсіпті дөңгелеткен шаруалар қатары артып келеді. Бүгінгі тойға өз үлесін қосып, демеу білдірген жас кәсіпкер Арыстанның да еңбегі зор.
Шағын ғана ауылдың тату-тәтті тұрмысына, еңбексүйгіштігіне қарап көз тояды. Бұл думан қарапайым қоңыр тірлік кешіп жүрген ауыл азаматтарына ұмытылмастай әсер қалдырып, келер 70 жылдық тойға дейін айтып жүрер қызық болары сөзсіз.