Аманкелділіктер табыс биігінен көрінеді

Жақында Қ.Әбенов атындағы Мәдениет үйінде аудан әкімі Ж.Қ.Таукенов аудан жұртшылығы алдында есеп берді.  «Амангелді ауданының 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2016 жылға арналған міндеттері туралы» есепті баяндама жасады. Мәжіліске Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Т.Нұрмұхамбетов және бірқатар облыстық департамент, басқарма басшылары арнайы келді.акимы
             Рәсімге ауыл және ауылдық округ әкімдері, тыл және еңбек ардагерлері мен еңбек озаттары, ұстаздар мен мәдениет, медицина қызметкерлері, аудандық мекеме, кәсіпорын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерліктің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
             Аудан басшысы 2015 жылдың қорытындыларына жан-жақты тоқталды. Жалпы өткен жыл аманкелділіктер үшін – қуаңшылықтылығына қарамастан табысты жылдардың бірі болды. Ауданның басты кәсібі – мал шаруашылығында төл алу, ет, сүт өндіру жоспарлары артығымен орындалды. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша асыл тұқымды мал сатып алып, өсіру жөніндегі белгілеген межелер түгел абыроймен алынды. Сол сияқты асыл тұқымды бұқалар мен қошқар және айғырлар сатып алу жөніндегі жоспарлар да орындалды.
            Батыр ата елі Қазақ хандығының – 550, Қазақстан Халқы Ассамблеясының – 20, Қазақстан Конститу-циясының – 20 және Ұлы Жеңістің – 70 жылдық торқалы тойларын жоғары деңгейде атап өтіп, өздерінің ынтымақ-бірліктері мен асқан ұйымшылдықтарын көрсетті.
            Жыл ішінде өңірлерді өркендетуге байланысты жасалған жоспар бойынша Ақсай ауылдық округіне жаңа клуб пен кітапхана пайдалануға берілсе, Құмкешу ауылдық округінде клуб жөнделіп, олар ауыл тұрғындарының рухани игілігіне айналды. Сол сияқты, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына тағзым ретінде Қарасу және Ақсай ауылдық округтерінде «Олар Жеңіспен оралды» атты Ескерткіш-Тақталар орнатылды.
            Ауылдық округтер арасында Бақытжан Аманжолұлы басқаратын Қарасу ауылдық округінде 2015 жылы ауданымыздың өзге ауылдық округтеріне үлгі етерлік ілкімді істер жасалды. Ескерткіш-Тақта ашылғанын атап өттік, жыл аяғында ағайынды Кенжебек, Олжас Әбілдиндер Қарасу ауылы орталығынан жаңа наубайхана мен монша ашты. Округ әкімі Б.Аманжолұлы ауыл халқын ортақ іске ың-шыңсыз жұмылдыра білетін, тиянақты да инабатты басшы екенін көрсетті.
            Аманкелді ауданы – облысымыз бойынша тазалық пен көгалдандыру жұмыстары жақсы деңгейде жүріп келе жатқан өңір. 2015 жылы да ауданда көркейту, абаттандыру шаралары ойдағыдай жасалды. Село орталығында аудан әкімінің тікелей инициативасымен Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай Еңбек Ерлеріне арналған Ескерткіш-Тақта ашылды. Бұл – аманкелділіктердің көңілінен шықты. Ескерткіш-Тақтаны жасауға Аманкелдіден шыққан 15 Социалистік Еңбек Ерлерінің балалары мен ұрпақтары бір кісідей ат салысты.
             Өңірде мәдениет пен өнерді, дене тәрбиесі мен спортты дамытуда айтарлықтай жұмыстар жасалды. Нәтижесінде, аудан өнерпаздары облыстық фестивальда бірінші орынды жеңіп алса, былтырға дейін соңғы орындарда табандап тұрақтап келген спортшылар облыста жақсы нәтижелер көрсетіп, ілгері көтерілді.
            Әрине, кемшіліктер жоқ емес, олар білім беру және медицина саласында орын алды. Өткен жылғы ҰБТ нәтижесі көңіл көншітпеді. ҰБТ – қай мектептің, қай ауданның болмасын білім деңгейін  көрсететін сынақ! Аудандық білім бөлімі өткен жылы жіберілген олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл ҰБТ-да әзірлікті ширата түсуде. Аудан мұғалімдері оқушылардың өз білімдерін молайтып, ҰБТ-да жақсы көрсеткіштерге жетуіне барлық мүмкіндіктерді жұмылдыруда. Аудан басшылығы бұл тарапта білім беру саласы қызметкерлерінің алдына нақты міндеттер қойды. Ол міндет – 2016 жылғы ҰБТ-ны қайткен күндеде сәтті өткізіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу. Білім мен тәрбие берудің барысы аудан әкімі мен басшылығының жіті назарында. Бақылау-тесттерінің нәтижелері апта сайын сараланып, талқылануда.
            Сол сияқты аудан халқына медициналық қызмет көрсетудің сапасын көтеру, туберкулезбен күресті күшейтуге байланысты да мәселелер үнемі қаралып, қорытындыланып, аудан денсаулық сақтау саласының басшыларына дәрігерлік-медициналық қызметтің тиімділігін арттыру мықтап тапсырылуда. Бұл саланың да апталық, айлық барысы жіті қадағаланып, жоғары талаптар қойылуда.
            Батыр ата елінің халқы ең басты рухани байлығымыз – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойын еңбектегі табыстармен атап өтуге құлшына кірісіп отыр. Азаттығымыздың ширек ғасырлық тойы – ғасырға тең той! Бұл – биылғы жылғы ең ұлы тойымыз! Себебі Тәуелсіздіктен асқан ештеңе жоқ. Оны көзіміздің қарашығындай сақтап, алақанда аялап өтуге міндеттіміз! Елбасымыз айтқандай Тәуелсіздігімізді мәңгілік ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек! Қазақтың ұлт ретінде ұйысып, бар мақсатын, бар арманын, бар іс-қимылын бір бағытқа жұмылдыратын кез келді. Себебі қазіргі қалыптасып отырған әлемдік ахуал, мұнай бағасының және басқа да жетекші игіліктердің құнының төмендеуі – жаһандағы үлкен-кішілі барлық мемлекетке ерекше сын кезең болып отыр. Бірлігі берік, тірлігі тиянақты Қазақстан халқы қазір Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев алға қойған мақсатқа – «Мәңгілік ел» болуға жұдырықтай жұмылған! Осы жұмылу – Аманкелді ауданы халқына да тән! Батыр елі 2016 жылды тағы да табыс жылы етуге белсеніп отыр. Биыл алғаш рет егін егу көлемі аудан бойынша 100 000 гектарға жеткізіледі.
            Облыс орталығынан шалғай жатса да Аманкелді  – Қостанайдың іргесіндегі аудандардан кейін қалып отырған жоқ. Аудан дихандары өткен жылы 90 900 гектар жердің әр гектарынан 9,5 центнерден алтын астық жинап, Торғай аймағы бойынша көш бастады. Нәтижесінде 80 жаңа техникалар сатып алды. Егістікті жыртатын, дән себетін, жерді өңдейтін кешенді техникалар алынды. Осы заманғы озық комбайндарды да аудан егінжайынан көруге болады.
            Аудан халқының тұрмысы жақсы. Жері құнарлы, елі жігерлі. Өзен-көлдері мол, шабындықтары мен жайылымдары алуан түрлі шөпке бай. Ал бұл дегеніміз – мал өсіруде жаңа жетістіктерге жетуге негіз мол деген сөз!
            Аудан халқы Елбасымыз-дың Жолдаулары мен мақалаларынан өз бойларына зор сенім мен серпін алып, жұмыс жасауда.
            Ауданның 2016 жылға белгілеген жоспарлары да нақты. Сөз соңында аудан әкімі жерлестерін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын лайықты атап өтуге шақырды.
            Ал аманкелділіктер әкімінің бұл сөзіне қол соғып, өздерінің оны бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.
            Есеп беру жиналысында тыл және еңбек ардагерлері Ғ.Жүнісұлы,  Қ.Бейсенбайұлы, С.Тұяқбай-ұлы, кәсіпкер Е.Мұсабаев сөз алып, өз  ой-пікірлерін білдірді.
            Ал «Жеңіс БЕК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Аманкелді елінің бетке ұстар дихан-кәсіпкері, ел ағасы Мүбәрәк Шаяхметов аудан әкімінің 2015 жылы жасаған еңбегіне жоғары баға беріп, биылғы жылы да жерлестерін жаңа жетістіктерге бастауға тілектестігін білдірді. Оның сөзін жиналысқа қатысқандар қолдады.
            Рәсімде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Т.Нұрмұхамбетов қорытынды сөз сөйлеп, батыр атындағы аудан халқы алдында тұрған жаңа міндеттерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, әлемде дағдарыс өршіп тұрған күрделі кезеңде аздан да, көптен де үнемдей отырып, жемісті еңбек етуге тілектестігін білдірді.
            Р.S. Ғ.Т.Нұрмұхамбетов іс-сапар барысында аудан орталығын аралап көріп, атқарылып жатқан істермен кеңінен танысты. Осыдан 2-3 жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген Б.Қолдасбаев атындағы орта мектепте болып, ұстаздар қауымымен кездесіп, пікір алысып, әңгімелесті. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жатқан мектеп ұжымына шығармашылық жетістіктер тіледі.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ

You may also like...

2 Responses

  1. Гулдана айтты:

    Гулдене бер, Батыр ели!!! 

  2. Жалгас айтты:

    Рахмет Гулдана

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓