«Тобыл» ӘКК жанынан жаңа ұйым ашылды
Үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап облыста мемлекеттік-жекеменшік қарым-қатынас орталығы жұмыс істей бастады. Бұл орталық бизнес пен мемлекеттік органдардың түрлі жобалар бойынша өзара ықпалдасып жұмыс істеуіне тиімді жол ашады. Жаңа ұйымға жүктелген тағы бір міндет-мемлекеттік-жекеменшік қарым-қатынас мәселелері бойынша ақпараттық-түсінік беру жұмыстарын жүргізу, әртүрлі кеңестер беру.
Орталық қызметіне консультативтік қолдау көрсету, тұжырымдаманы сараптамадан өткізу, жергілікті жобалардың келісім-шарттары мен конкурстық құжаттарын әзірлеу, сондай-ақ, бюджеттік инвестициялық жобалардың негізінде қаржылық-экономикалық және техникалық-экономикалық сараптамалар жасау жатады.
Бүгінде орталық бизнеспен арадағы ықпалдастық аясында облыс әкімдігімен бірлесіп, бірқатар жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Оған денсаулық сақтау саласы бойынша 5 жоба, білім саласы бойынша 8 жоба, тұрғын үй құрылыс саласы бойынша 3 жоба және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 2 жоба енгізілген.
Жобалар мұнымен шектелмек емес. Басқа да өтініштер түскен жағдайда әлі толықтырыла түсуі ықтимал. Мемлекеттік-жекеменшік қарым-қатынастық орталығына хабарласу үшін 54-14-27, 53-29-83 телефондарын ұсынамыз.
Әлібек ЫБЫРАЙ