Шырайлы шырша аясында
Сарыкөл аудандық мәдениет үйінде өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған аудан әкімінің шыршасы өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Эльдар Күзенбаев арнайы қатысты. Келіп жеткен жаңа жылмен балақайларды құттықтады.
-Әр бала осы жаңа жылдан таңғажайып тосын сыйлар күтеді. Сол арман-мақсаттарың алдағы уақытта орындалсын, – деді өңір басшысы. Сондай-ақ, Эльдар Қонысбайұлы балаларға базарлық ретінде жұмсақ ойыншық пен тәттілер тарту етті. Жүздері қуаныштан бал-бұл жанған балақайлардың қолынан ұстап, шыршаны бірге айналып шықты.
Мерекелік шара одан әрімен жаңа жылдық ертегі қойылымымен жалғасты. Мұнда түрлі кейіпкер кейпіне енгендер мерекені қарсы алуға келді. Балалармен бірге Аяз атаны күтті. Бұл күннің басты қонағы – Аяз ата да келіп жетті. Ол мерекенің ерекше екенін айтып, жиналғандармен бірге шыршаның шамын жақты. Ән айтып, би билеп, басқа да өнерлерімен көзге түскендерге арқалап әкелген қабынан тәтті сыйларын таратты.
Жалпы, жаңа жылдық мерекеде мейман болған балақайлардың көңілдері көктемдей жадырап, керемет күйге кенеліп, бір серпіліп қалды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.