Тайғақ кешу апта соңына дейін жалғасады

Тобыл өңірі тұрғындары түске дейін тайғақ, түс ауа көлшіктер кешіп жүргелі үшінші күн. Оған күндіз ауа температурасының +3-4 градусқа дейін жылып, түнде қайта суытуы себеп болып отыр. Көшеде тайып құлап, түрлі жарақатпен ауруханаға түскендер саны осы үш күн ішінде 300-ге таяп қалды. IMG_1741Оның ішінде аяқ-қолы сынғандар саны – 30-дың шамасында. Кеше тек балалар ауруханасының өзінде ғана түрлі жарақат алған 20 бала тіркелген. Қалыптасқан жағдайға байланысты дәрігерлер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, қалалық жарақат алғандар бөліміне салмақ түсуде. Мұнда 6 травматолог дәрігер, 10 медбике күні-түні жұмыс істеуде. Олар кеше бір тәулік ішінде 220 қала тұрғынын қабылдаған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгін де мектептер жұмыс істемейді. Анығында, барлық сынып оқушыларына түске дейін сабақ болмайды. Қаланың коммуналдық қызметі көшелерге құм мен тұз араластырып себуде. Жол тораптары, қоғамдық көлік көп жүретін жерлер, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, аялдамалардың маңы, бағдаршамдардың тұсы, көше қиылыстарындағы мұздар ойылып, тұз аралас ұнтақ себіліп жатыр. Бұған қала бойынша 120 жұмысшы, 47 техника жұмылдырылған.IMG_8677
Ауа-райының күрт құбылуынан 23-24- қарашада облыстағы қалааралық жолдар да жабылған. Кеше түске таман қайта ашылды. Бүгін жабылды деген хабарлама түскен жоқ. Өңір полицейлері күре жол үстінде көктайғақ кесірінен 50-ден астам көлік апаты тіркелгенін айтады. Оның ішінде екі жолаушылар автобусы бар. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Барлық жолаушы дін-аман тиісті жерге жеткізіліп, көмек көрсетілді. Ауа-райы бір қалыпқа түскенше, облыстық төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға қала сыртына шықпауға кеңес беруде. Енді, синоптик мамандардың болжамы бойынша, Қостанайдағы «тар жол, тайғақ кешу» апта соңына дейін жалғасады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓