Қазақ группасында орысша оқимын
Мен – Қостанай индустриалды колледжінің студентімін. Әлі оқып жатқандықтан, есімім жасырын қалсын. Бұл колледжде бір ғана мамандықты мемлекеттік тілде алып шығуға болады. «Мемлекеттік тілде» деген аты ғана. Айтайын деп отырғаным – осының айналасы…
Әуелі арман қуып келіп, кейін тағдыр айдап осы колледжге түсіп кеттік. Менде аса таңдау болған жоқ. ҰБТ-ға қатысқан жоқпын. Бұйыртса, болашақ инженер-механикпін (немесе мектепте «Еңбек» пәнінен сабақ бере алады екем). Жалғыз ғана қазақ тілінде оқытылатын мамандық дегесін… Өзім облыстың оңтүстік аудандарынан боламын. Білсеңдер, ол жақта орысшаны қазақтар тұрмақ орыстардың өзі сөйлемейді. «Хлеб дай»-дан басқа дымды білмейтін мен байғұс оңбай алданыппын қабылдау комиссиясындағыларға. Бүкіл сабақ, күллі лекция орыс тілінде. Куратордан басқасымен қазақша сөйлесу мүмкін емес. Түкті түсінбейтінің былай тұрсын, дәрісшінің «диктоват» етіп жатқанын үлгеріп жазу да бір қиямет. Содан келіп… түсінбегендіктен сабақ айта алмайсың, өмірі сабақ айтпаған соң баға қоймайды. Өйтіп-бүйтіп, оқытушылармен басқаша келісіп, сүйретіліп келемін. Дәптеріңнен бір тұлғасы түзу сөзді көрмеген соң, толық емес, шылқи қате жазылған дәрістерді көргеннен кейін тағы екі аласың. Осылайша, ауылдық жеңілдікпен әрең дегенде грандқа іліккен мен бейбақ стипендиядан бірінші сессиядан соң айырылдым. Қайтарып алуға жасаған талпыныстарым сол қалпы нәтиже бермей-ақ қойды. Екі жылды артқа тастадым. Қазір шүкір. Керемет сөйлей алмасам да, шамалы орысшаңды түсінетін жағдайға жеттім. Есімде, ең алғаш жатақханаға орналасқалы келіп тұрғанымда, вахташының «Какой курс?» дегеніне «Тургайц» деп жауап бергенім бар. Қазір ойласам, күлкім де келеді))). Жоқ, мүмкін орысшаны «қақпай» келген маған бұнда адасып түскенім жөн болған шығар… Әлдекімді кіналаудан аулақпын. Маған дейін осылай болып келген, менен кейін де солай кететіні анық қой. …Айтайын дегенім, негізі мектепте жақсы оқу керек екен. Сонда мамандық сені емес, сен мамандықты таңдайсың!
Есімсіз Тегіжоқов
Өзің пысықсың ғой.
қазақша оқытуды талап етсей, мәселені қолға алатын ұйымдарға хабарла. Расымен де ауыл балаларына қиын нәрсе
Балаң кезімде қатты ауырып, қаладағы облыстық ауруханаға емге жатқаным бар. Сөйтіп, бірінші күні төсек орнымды алып, жайланып, жатқалы жатсам, жастығымның тысы жоқ екен. Ауылдың баласы, мейірбикелерден сұрайын десем, тіл білмеймін. Сөйтіп сорлап отырғанымды көрген бір апай "желді беріп, беріп" ординаторскийға қарай жүгіртіп жіберді. Сондағы мейірбикеге жетіп барып, айтқан орысшам әлі есімде: "У меня постель не целая, подушкин мешок не хватает" – дегенім бар. Әлгі кісі қазақша сөйлейді екен. Шек-сілесі қатып, мені сауығып ауруханадан табанымды жалтыратқан күнге дейін "подушкин мешок" деп атап кеткені бар. Біздің қоғамда реті келсін, келмесін орысшасын тыға беретіндер жетерлік. Көнеден қалыптасқан осы бір стереотипты сындырып, қазақша бейімделсек, бізге қой дейтін жан жоқ. Өз құқығымызды өзіміз аяққа таптап жүрміз. Бар бәле өзімізден…
Орысшаны білгеннің артықтығы жоқ. Ресми тілді аз да болса үйреніп алғаныңызға қуанып қалдым. Бір жағынан сізге ренжіп отырмын. Өйткені, сіз мемлекеттік тіл үшін күреспепсіз! Не үшін көптің ыңғайына илігіп, қазақша оқытуды талап етпедіңіз? Елбасымыз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін неше түрлі бағдарлама, бастамаларды ұсынып жатыр. Соны негізге ала отырып, өз құқығыңызды қорғамайсыз ба? Менің уәжімнен "Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас" деп құтылып кетуіңізге болады. Бірақ, заң бәріне ортақ. Оны еліміздің Конституциясынан аңғарамыз. Елдегі заңсыздықтармен, надандықпен Абай да, Ахмет те, Бейімбет те жалғыз арпалысқан.