Өлең – сөздің патшасы…
Қостанай қаласындағы №115 орта мектебінің базасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды табу мақсатында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өткізілді.
Байқауға 17-29 жас аралығындағы талапкерлер, жоғарғы және арнайы оқу орындарының студенттері, басқарма қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Байқауды салтанатты түрде ашу үшін Абайдың 300 өлеңін жатқа білетін, Абай атындағы республикалық байқаудың жүлдегері Татьяна Ситникова қатысушылардың алдында сөз сөйлеп, барлық сайыскерлеге өзінің жеңісті жолын жалғастыруға шақырды.
Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар қазақтың белгілі жазушыларының прозалық шығармаларынан үзінді оқыды. Мұнан соң Мағжан Жұмабаевтың поэзиялық шығармаларынан үзінді оқылды.
Нәтижесінде жүлделі І орынға Аружан Жұмабек ие болды. Ол Қостанай қаласының атынан қатысты. Ал ІІ орынға әулиекөлдік Айдос Оспанов жайғасты. Ұзынкөл ауданынан келген Рысбек Дастан үздік үштікті қорытындылады. Жеңімпаздар дипломдармен, сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Байқау жеңімпазы Солтүстік Қазақстан облысында тамыз айында өтетін республикалық байқауда Қостанай облысының намысын қорғайтын болады.
Бақытгүл Сүлейменова,
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы