Қазақ күресінен ҚР кубогы аяқталды
Атырау қаласында қазақ күресінен ҚР кубогы мәресіне жетті. Каспий өңірінде өткен палуандар бәсекесінде әр облыс командалық жекпе-жек бойынша және жеке салмақ дәрежесінде сынға түскен еді. Командалар арасында Қызылорда облысы бірінші орынды иеленсе, Жамбыл облысының балуандары екінші орынға тұрақтады. Ал жүлделі үшінші орынды Атырау облысы мен Астана қаласының қомандалары өзара бөлісті. Қостанайлық күрес шеберлері жалпыкомандалық төртінші орынға ие болды. Жеке салмақ дәрежесі бойынша 66 келіде Берік Мұхамедияров күміс медальді, аса ауыр салмақта Асылбек Әбдіров қола медальді қанжығасына байлады. Қоржынға қос қоланы салған Тоқтар Жиентаев 100 келіге дейін және абсолютті салмақта өнер көрсетті. Ол үшінші орын үшін белдесуде алматылық палуанды тізе бүктірді. Бұл жарысқа еліміздің барлық өңірінен 16 команда қатысқанын айта кетейік. Жерлестермізді танымал жаттықтырушылар Бейсенбай Әубәкіров пен Жұмақан Қасымханов бастап барған болатын.
Қасқырбай Қойшыманов