Экс-әкім үй қамаққа алынды
Қостанай қаласын жылдан астам уақыт басқарған Ахмедбек Ахметжанов 8 қыркүйек күні өз еркімен қызметінен кету туралы арыз жазып, ол сол күні лауазымынан босатылды. Орынтағынан босап үлгерген жоқ – экс-шенеунік сол күні кешкі сағат 17.05-те ұсталды. Оған лауазымдық қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Бұл ақпаратты облыстық соттың баспасөз қызметі растады.
Естеріңізге сала кетсек, Ахмедбек Ахметжановтың ұсталуы Қостанай қалалық әкімдігіндегі алғашқы оқиға емес. Бұдан үш ай бұрын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жеңіс Шинкин тұтқындалған болатын. Ал тамыз айының басында шаһар басшысының қос бірдей орынбасарлары – Мақсұт Қалиев пен Фрунзик Аракеляннің қолдарына кісен салынды. Мақсұт Қалиев қаладағы «Премиум Палас» мейрамханасының сыртында «Сыл» ЖШС директоры Гагик Овнаняннан 13 миллион теңге пара алып отырған жерінде құрықталды. Іле-шала Фрунзик Аракелян да өз кабинетінде ұсталды. Олар қазір тергеу аяқталғанша, қамауда отыратын болады.
Ал апта басында сот «Стройметсервис-2007» ЖШС директоры Сергей Биктибаев пен «Шарт Астық» серіктестігінің басшысы Леонид Васильевті қамауға алу туралы қаулы шығарды. Айтпақшы, сот қаулысында Қостанай қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі Ержан Абдуллиннің де аты аталып отыр. Әңгіме Ғ.Қайырбеков көшесіндегі құны 600 миллион теңгеге жуық балабақша құрылысы жайында болып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, А.Ахметжанов 2014 жылы 18 маусымда Қостанай қаласының әкімі болып тағайындалған болатын.
10 қыркүйек бейсенбіде кешке жұмыс күні аяқталғаннан кейін Қостанай қалалық №2 сотында шаһардың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановқа қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, екі айға үй қамағына алу туралы шешім шығарылды. А.Ахметжанов ҚР Қылмыстық кодексі 307 бабының 3 тармағы, 307 бабының 4 тармағы, 365 бабы 3 тармағының 1 тармақшасы бойынша айыпталып отыр.
Прокурордың айыптау қорытындысына сәйкес, лауазымды тұлға қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалана отырып, автокөліктерге арналған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысына жәрдемдескен және балабақша салу жұмыстары кезінде «Стройметсервис» ЖШС-нің мүддесін заңсыз қорғағанымен қоймай, Васильев және Биктибаевтармен бірлесіп, «Ұлан» серіктестігінің заңды қызмет етуіне кедергі келтірген.
Мемлекеттік айыптаушы шаһардың бұрынғы басшысының тағылған айыптармен келісіп, өз кінәсін мойындағанын, оған өкінетінін, тұрақты мекенжайы барын, кәмелетке толмаған екі баласының барын есепке алып, судьядан оны үйқамаққа алу туралы бұлтартпау шарасын таңдауды сұрады.
Судьяның қаулысымен экс-шенеунік сот залынан босатылды. Енді ол тергеу аяқталғанша сот отырыстарына үйінен келіп қатысатын болады. Осы мерзім аралығында Ахметжанов үйінен ешқайда аттап шықпайды, телефон қоңырауын шалмайды және оған сыртпен байланыс жасауға шектеу қойылды.
Қыдырбек ҚИЫСХАН