Әбутәліп Әмір – Көбелек (әңгіме)
«Көгілдір таң», «Қызбел» атты прозалық жинақтардың авторы. Мамандығы — оқытушы.
КӨБЕЛЕК
әңгіме
Бала көбелек өзінің өзгелерден ерекше екенін сезетін. Өзіндей басқа көбелектер гүлді алқаптың үстімен бірін-бірі қуалай, жер бауырлай ұшса, бүл көбелектер табиғатында жоқ, ата көбелектің өзі түсініп болмайтын қылықтар таныта, ауада санаға сиымсыз айқыш-ұйқыш оралымдар жасап, ал кейде көбелектер әлемін тәрк ете, төменде қалдырып тым биіктеп кететін. Сосын, қайдан екені белгісіз сап етіп қайтып оралатын да, жел тербеп тұрған көкнәр гүлінің жібектей жұп-жұқа, биязы қызыл жапырағына қонақтай кетіп, ештеңеге назар салмастан, әлдебір ойға шомып, ұзақ отыратын. Сырт пішіндері бұдан тіпті де айырмашылығы жоқ өзге көбелектер, шоқ гүлдің қауызына жинала қалып, бәрі бірдей гүл шырынды аса бір ләззатпен сорып жатқан сыңай таныта, бірақ дәл қазір шырын сору жұмысы жайына қалып, есіл-дерттері бұған ауып, мына сырт тіршіліктен мүлде оқшауланып, айналасындағы бар әлемді ұмытып отырған көбелекке ұрлана көз тастап қойып, ол жайлы бірін-бірі киіп-жарып, әлденелерді айтып жататын, айтып жататын… ”Отқа, жылуға ұмтылу біздің бәрімізге тән қасиет, бірақ күнге, күнге қол созу… бұл енді асқандық, адасқандық” дейтін олар…
Екеуден-екеу қалған кезде ата көбелек үнсіз тұнжырап отырған ана көбелекке былай дейтін: “Мұндай хикметті мен бұрын-соңды көріп білген емен, бірақ естуім бар. Біздің арғы түп-тұқиянымызда осындай біреу болған деп айтатын еді, ертеректе. Бірақ, ондай көбелек болды ма, болмады ма оны ешкім анықтап айта алмайтын, әйтеуір ол шалғайда, өзге, болмысы бізден бөтен көбелектер әлемінде, бәлкім тым биікте өлген десетін. Енді бақсам, болған-ақ екен, жарықтық…” Ана көбелек, тіпті не айтарын білмей абыржып, бала көбелек туралы ұзын сонар әңгімені сан-саққа жүгіртіп, гөй-гөйлетіп жатқан сонау көп көбелек жаққа жасқаншақтана қарап қойып: “Қайдам, әйтеуір, қайдам… жасаған-ай…”,- дейтін. Бала көбелектің айналасындағы әлеммен мүлде шаруасы жоқ, есіл дерті сонау алыста біресе көгеріп, біресе қара қошқылданып, біресе қызғылтым арайға малынып құбылып тұратын тау сілемдері болатын. Ұшар басын мәңгі қар қымтаған тау бөктерінде қандай шөптердің, нендей гүлдердің өсетінін де, әлдебір тылсым күш жетелеп, көк дөнен көңіл алып ұшқан тау табиғатының мына сайын даламен салыстырғанда қаншалықты артықшылығы барын да, көбелек, әрине білмейтін. Сөйте тұра кеуіл шіркін, биікті аңсап, құпия-тылсымды қалайтын. Егер мені Жаппар ием ерекше қылып жаратса неге ол ерекшелікті пайдаланбасқа, ақырдың ақырында, егер қажет болса, неге ерекше өліммен өлмеске деп түйіндейтін ол, өзінің ешкімге ашып айтпас ішкі ойын.
Бірде, селдетіп өткен жауыннан соң, әлгінде ғана аспан астын құрсап алған ауыр бұлттар батысқа қарай жөңкіле көшіп, төңіректің бәрі көк күмбезде күлімсірей қалған күн көзінен нәр ала құлпырғанда, бала көбелек түймедағы гүлінде қонақтап отырған ата көбелек пен ана көбелекке келіп: “Мен кетем”,- деді. Олар осы әңгіменің ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір болмай қоймасын іштей сезетін, сосын да мұндай тосын шешімді үнсіз қабылдады. Тек ана көбелек қана, әлдебір тылсым күштен жалбарына рақым тілегендей, жібек қанатын жылдам-жылдам қағып жіберіп, ата көбелектің қанатына қанатын түйістіре таяу қонақтады да “естіп отырсың ба, ей?” деді сыбырлап, тамағына тығылған өксікті жасыра алмай. Ата көбелек оның үніндегі шарасыздықты есітпеген сыңай танытты. “Алдыңнан жарылқағай”,- деді әлдебір мезеттен соң барып. Соны айтты да ол, өзі қонақтап отырған гүл сабағын бар пәрменімен серпе көтеріліп, тауды бетке алып ұша жөнелді. Оның соңынан ана көбелек пен бала көбелек ере көтерілді. Олар бастауын алыста мұнартқан таудан ала ағып жатқан, қос алқабын шоқ-шоқ жыңғыл жапқан жылғаны жағалай ұзақ ұшты. Сосын ата көбелек бір сәт ұшуын бәсеңдетіп, ауада қалықтап қалды. Бұл жол айрығы екенін олардың қай-қайсысы да үнсіз ұғынды. “Ал, жолың болғай”,- деді ата көбелек. Ана көбелектің қанаттары ызғарлы жел өтіне шыдай алмай дірілдей бастады… “Жолың болсын, жалғызым…” “Хош тұрғайсыздар,”- бала көбелек ішкі жан-дүниесінде қайдан пайда болғанын өзі де ұқпай қалған аласапыран сезімді көрсетпеуге тырысып, кілт бұрылды да, сонау мұнарлы шыңдарды бетке алып, ұзай берді. “Жаратқан, өзің жар болғай, өзің жар болғай…”, – деді іштей күбірлеп, қанаттарын таудан ескен ызғырық қалтыратқан ана көбелек. Тау сілемін бетке ұстай ұшқан бала көбелек, лезде кішкентай ноқатқа айналып, аздасын-ақ көк зеңгірге сіңіп жоқ болып кетті.
Сөйтіп, оның тәкаппар шыңды асқақ әлемге деген сапары басталды. Алда талай асулар болар, алда таудың қытымыр табиғатына бейімделген небір өсімдіктер әлемі кезігер. Онда балаң көбелек бұрын соңды көрмеген, көздің жауын алар қырмызы тау гүлдері, жібек қанаттары күн сәулесімен құлпыра құбылған небір керім көбелектер жолығар. Тау самалын бірге жұтып, тау гүлдерін бірге тояттап сайрандайықшы дер олар, болмысы бөлек жат жұрттық жас көбелекке. Сосын, мұның еркіндік толы жас жанына тәнті болған олар өздерінің бар ерекшеліктерін мұның алдына жайып сап, оның бар ықылас-пейілін өздеріне аударуға күш салар. Ие-е, бал шырынды гүлдер, барқыт қанат көбелектер, көк сәулелі жұлдыздары жыпырлаған мақпал түндер бірін бірі алмастырар. Бірақ, бұлардың еш қайсысы да балаң көбелектің бастапқы бет алысы қай жақ екенімен шаруалары болмас. Ал жаз болса өтіп бара жатар, өтіп бара жатар… Түсер ме сонда, оның қаперіне, сонау алыста тілеулес боп қалған, бір қауызда екеуден-екеу шоқия қонақтап, тек осы жайлы ғана ой ойлап, мұңайып отыратын қос көбелек? Алар ма ол есіне, бала күнгі сағымға қарап асығатын арман күнді, ұлы мақсатты? Талақ етер ме, солар үшін мынау бойды балбырата билеп, сананы сиқырлаған әдемі әзәзіл әлемді? Әлде ол, САРЫ КҮЗДЕ, сарғайып барып сабағынан үзіліп кеткен жапырақтың ауадағы шыр көбелек айналысына қарап отырып, құдіреттің өзіне жіберген ерекше сыйын кәдеге жарата алмағаны үшін, босқа өткен ғұмыры үшін, өзегін өртеген өкініштен, өзін өзі қоярға жер таба алмай, іштей булығып өксір ме?
Оны уақыт көрсетер. Оны бір Тәңір білер…