Моншаны көру мұң болды
Қарабалық ауданындағы ардагерлер мен мүгедектерге арналған интернаттың тұрғындары жергілікті прокуратураға арызданды. Көктем басталысымен есігі тарс жабылған монша мәселесін шешіп беруді өтініш етеді. Олардың шағымы қаперсіз қалдырылмай, аталған мекемеге төтенше тексеріс жүргізді.
Прокуратура қызметкерлері тексеріс барысында интарнаттың, шынымен-ақ, жасырын болып келген «жанды жерінен» тап басты.
– Сөйтсек, бұл интернатта осы жылдың сәуір айынан бері қоғамдық монша істен шығарылыпты. Мекеменің бағып-қағуындағы жандар содан бері жуынып-шайынуды мүлдем азайтқан. 10 күнде бір рет жуынатындарын айтып отыр. Жеке бас тазалығын сақтау мүмкіндігінен айыру – мекеменің қарттар мен мүгедектердің құқығын таптаумен бара-бар,-дейді прокурордың аға көмекшісі Ғ.Ертаева аудандық «Айна» газетіне берген мәлімдемесінде.
Оның сөзінше, мекеме басшылығы ҚР Үкіметінің «Халықты әлеуметтік қорғау аясында арнайы қызмет көрсету стандарттары туралы» бекітілімін, панажайдың ішкі тәртібін бұзған болып есептеледі.
Ережебұзушылық айқындалысымен, аудандық прокуратура интернат директорына заңсыздықты жуып-шаю туралы міндеттеме хат жолдады. Қазіргі таңда моншаны қайта қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алына бастаған. Басшылық ардагерлер мен мүгедектерді сабырға шақырып отыр: мұң болған монша есігі тамыз айының алғашқы ширегіне дейін қайта ашылмақшы.
Жандос Жүсіпбек