Ұлттық ойындар жарысы жалғасуда
Қазақтың ұлттық ойындары десе делебесі қозбайтын жан жоқ. Тіпті, ішкен асын жерге қояуға бар.
Елімізде осы көнеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз көнермей, қайта керісінше жылдан-жылға жақсы насихатталып жүр. Бүгінгі жарыс – соның бір айғағы іспеттес.
Сарыкөл ауданында таңғы сағат 9.00-де басталған облыстық ұлттық ойындар фестивалінің ашылу салтанаты түстен кейін шымылдығын түрді.
Ашылу сәтінде сарыкөлдік өнерпаздар мәртебелі меймандар мен спортшылардың назарына өнерлерін паш етіп, қазақ хандығының 550 жылдығын ұлықтады. Яғни, қазақтың сұлтандары рөлін сомдаған кейіпкерлер шағын қойылым қойды. Арнау өлеңі айтылып, фестивалге арнайы келген командалар таныстырылды. Олар өз кезектерінде сап құрап, алаңды айналып жүріп өтті. Оған қоса қазақтың ұлттық дәстүрі – шашу шашылды. Аудан әкімі алаңға шығып, бүгінгі жарысқа жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.
-Бүгін – киелі жер Сарыкөл өңірінде қазақ халқының ұлттық ойындарынан облыстық деңгейдегі фестивал өтіп жатыр. Бұл – біздер үшін мереке әрі үлкен мәртебе. Ал, кейінгі ұрпақ үшін үлгілі іс. Сондықтан, спортшыларымыз ұлттық ойындарымызды ұлықтап, өз деңгейлестері арасында шеберліктерін шындай берсін! Ең үздіктер жеңімпаз атансын!- деді аудан әкімі өз тілегінде. Салтанат соңы әнмен аяқталды.
Жалпы, жарыстар өте жоғары деңгейде және тартысты өтіп жатыр. Мәселен, қазақша күреске қатысып, белдесіп жатқан палуандар бабында екендіктерін көрсетсе, бар күш-жігерін жұмсап, жұдырықтасқандар жігерліліктерімен жеңімпаз атануда. Сондай-ақ, арқан тартқандар табандылықтарымен танылса, тоғызқұмалақшылар төзімділік көрсетіп, ал асық атуға асыққандар мергендіктерімен көзге түсті.
– Ұмыт болып бара жатқан қазақтың ұлтық ойындарын насихаттау осылай әр өңірде дәстүрге айналса, біздей жастар да бұл спорт түрлерін жақсы игеріп алушы еді. Сондықтан, ұлттық ойындарымызды дәріптейтін осындай игі бастамалар бола берсін, – дейді сарыкөлдік тұрғын, асық атудан қатысып жатқан спортшы Нұрсұлтан Марден.
Жалпы, ұлттық ойындар жарысына әр өңірден өз командаларын жасақтап, жарыс жүлдесіне ие болу үшін келгендер мүмкіндіктерін мүлт жібермеуде…
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.