ЕҢБЕК ЕРЛЕРІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ
Астана күні мерекесі қарсаңында 2015 жылдың 4 шілдесінде аудан орталығында орнатылған Социалистік Еңбек Ерлерінің Ескерткіш тақтасы салтанатты түрде ашылды. Рәсімге олардың еліміздің әр тарабында тұратын балалары мен ұрпақтары және Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Арқалық қаласы жұртшылығының өкілдері қатысты. Еңбек Ерлеріне арналған бұл Ескерткіш тақта облысымызда алғашқы болып ашылып отыр.
Салтанатты рәсімді аудан әкімі Ж.Қ. Таукенов ашып, Ескерткіш тақтаның қалай жасалғаны туралы жұртшылыққа кеңінен әңгімелеп берді. Ол осы Ескерткіш тақтаны орнатуға атсалысқан ауданнан шыққан 15 Социалистік Еңбек Ерінің балалары мен ұрпақтарына аудан халқы атынан алғыс айтып, жүрекжарды ыстық лебізін білдірді.
Келесі кезекте Еңбек Ерлерінің балалары мен ұрпақтары сөз алып, өздерінің әкелері мен аталарының еңбектегі ерен жетістіктерін елеп, Ескерткіш тақтаның ашылуын ұйымдастырған аудан әкіміне және оның көмекшілеріне алғыстарын жолдады. Қай-қайсы болмасын ұрпақтар сабақтастығының жалғасуын – аудан өміріндегі тарихи оқиғаның бірі деп бағалады. Олар Ескерткіш тақтаның құрылысын жүргізген «Бақыт» ЖШС-нің директоры Бақытбек Жұмабекұлына және оның құрылысшыларына да алғыстарын молынан білдірді.
Ескерткіш тақтаның лентасын аудан әкімі Ж.Қ. Таукенов пен бірге Еңбек Ерлерінің ұрпақтары қиды. Мұнан соң рәсімге қатысқан қауым тақтаны тамашалап, ескерткіш суреттерге түсті.
Салтананатты рәсімнен соң жиналған қауым ашық аспан астында Қ,Әбенов атындағы мәдениет үйінің алдындағы алаңда Еңбек Ерлеріне арналған осы шараға байланысты ұйымдастырылған Торғай аймағы балуандарының күресін тамашалады. Оған Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жанкелдин аудандарының балуандары қатысып, күш сынасты. 17 балуан қатысқан балуандар күресінде «Түйе балуандықты» Арқалық қаласынан келген Ғабит Балғымбаев жеңіп алды.
Бұл турнирдің ерекшелігі – жеңілген балуандарға да арнайы әкелінген сыйлықтар мен Еңбек Ерлерінің рәсімге орайластырылып жасалған естелік медальдары тапсырылды.
Мұнан соң Еңбек Ерлерінің ұрпақтары аудан әкімі Ж.Қ.Таукеновтің, орынбасары С.У.Хайруллиннің аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Уахитовтың иықтарына шапан жауып, бірқатар мектептер мен интернатқа және балалар бақшасына өздерінің бағалы сыйлықтарын тапсырды.
Рәсім соңында Еңбек Ерлерінің ұрпақтары олардың рухына арнап, «Елдар» тойханасында арнайы Ас беріп, рухтарына дұға бағыштатты.
***
Дәл осындай рәсім келесі күні Қарасу ауылдық округінде де өтті. Оны ұйымдастырған Социалистік Еңбек Ерлерінің бірі, кезінде 22 жыл Молотов колхозының төрағасы болған Бисапақ Шаяндиннің немерелері Мейрам – Науан Жаппасұлы Шаяндиндер. Олар да аталарының құрметіне Ас беріп, рухына дұға бағыштатты. Рәсімге Қарасу ауылының халқымен қатар, батыр атындағы аудан жұршылығы мен Арқалық қаласы өкілдері қатысты.
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы
бір-бірімізге шапан жапқанша қарапайым халықтың жағдайына қарап отырсақ сол жарасар еді. Амангелді, Торғайда 1916-1918 жылдарда қаза болған сарбаздар құрметіне Батырлар алаңын жасап, белгілі сарбаздардың есімін жазып, жыл сайын тағзым етіп отырсақ жас ұрпаққа сол үлгілі болар еді. Ал 1948 жылы берілген жаппай Соц, еңбек ерлері ол елдің рухын көтере қоймас? Ойлан ағайын!