Шахматтан жарыс басталды
Бүгін Қостанайда шахматтан республикалық балалар кубогының бірінші кезегі басталды. Еліміздің 10 өңірінен 180-ге жуық жас шахматшылар бақ сынаспақ. Солардың бірі Астана қаласынан келген Дания Қадырбекова.
Данияның әжесі Райхан Жаукина немересінің 2 жас 9 айынан шахматқа бейімділігін байқапты. Содан балғынды осы спорт түрімен айналысуы жөн болар деп, оны Астана қаласындағы шахматшылардың ұлттық одағына білімін шыңдау үшін береді. Қазір Дания Қадырбекова 3 разрядты шахматшы. Жақында Астанада өткен қалалық чемпионатта 3 орынды иеленген. Болашақта үлкен жеткістіктерге жетеріне үміт зор. Данияның ата-әжесі Сапа мен Райхан қостанайлықтар.
Республикалық жарыс 12 маусымға дейін жалғаспақ. Ол үш турнирге бөлінеді. Алғашқы легінде 10 жасқа дейінгі балалар күш сынасады. Ал екінші лекте 14 жасқа дейінгі жасжеткіншектер шахматтан додаға түседі. Соңғы үшінші турнирде ересектер мен балалар араласа жарыспақ. Тобыл өңірінің абыройын 40 жасжеткіншек қорғамақ.
Махаббат Бекбай