“Заңсыз тасымалдаушы” шарасы жол тәртібін бұзбауға шақырады
Жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Ағымдағы айдың соңғы онкүндігі де жайсыз хабарлармен басталды. 4 адамның өмірін қиған 2 жол апаты тіркелді. Екатеринбург-Алматы автожолының 505-шақырымында, Озерный елді мекенінің тұсында «Фольксваген Поло» автокөлігі қарсы беттегі «Камаз» машинасына соқтығысқан. Салдарынан федоровтық жеңіл көлік иесі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Араға бірер күн салып, Тобыл-Таран трассасында да қайғылы жайт орын алды. 22 жастағы Елизаветинка ауылының тұрғыны «Урал» мотоциклін ауыздықтай алмай қалу кесірінен, жолдың қарсы бөлігіндегі «Рено Дастер» көлігімен қақтығысқан. Зардап шеккендер – мотоцикл тізгіншісі мен артына мінгескен екі жолаушы. Үшеуі де жан-тәсілім етіпті.
Аталмыш оқиғалар «Заңсыз тасымалдаушы» шарасының шеңберінде тіркелді. Бұл да – жолда жүру ережесін қадағалап, жүргізушілер зейініне заңбұзушылыққа бармауды сіңдіруді мақсат еткен кезекті шаралардың бірі. Облыстық ІІД-нің мұрындық болуымен өтуде. Ұйымдастырылым аясында, әлгіндегі қайғылы жайттарды есепке алмағанда, жол тәртібін белден басып жүрген бірнеше жүргізушіні қолға түсірген. Тәртіп сақшыларының берген мәліметінше, 2 тәулік ішінде ғана 28 көлік басқарушы жол үстінде мас күйінде ұсталған. Бұл жолы басым назар қоғамдық көліктер мен таксишілерге бөлінді.
-Қостанай облысы таксишілерінің қатысуымен, 3 күнде 72 ереже бұзушылық әшкере болды,- дейді заңсыздық тізімін одан әрі жалғаған әкімшілік полицияның аға инспекторы Юрий Панасенко.- 16 жүргізуші борттық журналдың болмағаныдығы үшін, 23-і сыртқы жабдықталымның бекітілген тәртіпке сай келмегендігі үшін, 5 авто егесі таксометрсіз жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция майорының сөзінше, жедел алдын алу шаралары барысында автобус жүргізушілері де 58 рет жол тәртібін бұзған. Мәселен, рөлде келе жатып телефон пайдаланған және куәлігі дұрыс емес жолаушыларды тасымалдаған «автобусшылар» ұсталып, тиісті жауапкершілікке тартылды.
Жандос Жүсіпбек