Отан алдындағы борышын өтейді
1 сәуірден бастап «Көктем – 2015» мерзімдік әскери қызметке сарбаздарды шақыру науқаны басталды. Қостанай облысынан бір мыңға жуық бозбала азаматтық борышын өтеуге аттанбақ. Жақында болашақ сарбаздарды шығарып салу салтанаты өтті.
Шығарып салу рәсіміне келген Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Подоляков пен Ауған соғысының ардагері Манарбек Сұлтанғазин сияқты аға буын көктемгі шақырылымға жылы лебіздерін аяған жоқ. Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, елге абыроймен, аман-сау келулерін тіледі.
Әскерге шақырылғандар құр алақан кеткен жоқ. Оларға жолға шағын сыйлықтар да берілді. Туған өлкеден бір жылға кеткелі тұрған азаматтардың көңілдерін көтермек мақсатта жергілікті өнерпаздар ән шашуларын тарту етті. Сөйтіп, Қапшағайдағы десанттық-шабуыл бригадасына Тобыл өңірінен 40 жаңа шақырылым аттанды.