Бақша тоналды
Облыс бойынша 10 мамырдан бастап бақша маусымының ашылғаны белгілі. Сол күннен бастап, Қостанай қаласы ІІБ жол-патрульдік полициясының кавалериялық тобы өз қызметіне кірісті. Жалпы 6 атты патруль бақшалардағы тәртіпті қадағалайды. Алғашқы күндердің өзінде бір қылмыс тіркеліп, дер кезінде ашылды.
Полиция сержанты Азамат Іргебаев пен Дархан Текеевке «Садовод» бау-бақша қоғамына қарасты учаскеде бақша тоналғаны туралы ақпарат келіп түседі. Оқиға орнына дереу жеткен атты сақшылар 30 жас шамасындағы үш азаматты ұстады. Құрыққа түскендер қаптар мен пакеттерін толтырып, қанжығаларын майлап келеді екен. Сондағы қолды еткендері металл, күректер мен айырлар және көшеттер. Күдіктілердің тұрақты мекен-жайы жоқ. Ұрлаған заттарды сатып, табыс таппақ болған. Атты сарбаздардың күшімен, олардың арам ойлары жүзеге аспай қалды.
Құрылғанына он жыл болған атты полицияның жаз мезгілінде қызметі қауырт. Олар бақшалардағы қылмыстарға тосқауыл болады. Мәселен, өткен жылы кавалериялық взвод қызметкерлерінің күшімен 13 ұрлықтың беті ашылды. Шамамен 300-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар бақшада заңсыз жүрген 10 адам ұсталды.
Махаббат Бекбай