Нұралы САДУАҚАСОВ: “Қамсыз отыра беруді қойыңдар!..”
Көктемгі егіс науқаны өңірі-мізде басталғалы қашан?! Міне, содан бері диқандарымыз күндіз-түні егістік басынан шықпай, дамыл көрмей жүр. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов осы науқанның жай-жапсарын бақылап, шаруаларымыздың жай-күйін байқау мақсатында Таран, Денисов аудандарына жұмыс сапарымен барып қайтты. Таран ауданына қарасты Әлия Жүсіпова басқаратын "Адлет-Т" ЖШС-нің егін алқабын аралаған өңір басшысы:
– Тек егіншілікті ғана емес, мал шаруашылығын да түлетіп отырсыз. Осыған қуанып отырмын. Қысылмай сауалыңызды қойыңыз, кандай қиыншылықтар бар? "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен (ӘКК) тізе қосып жұмыс істеу керек. Олар сіздерге бар мүмкіншілікті жасауға көшті, – деді көңілі толып. Әлия Жүсіпова әзірге аса бір қиындықтардың жоқтығын, "Тобыл" ӘКК-мен жұмыстардың істеліп жатқандығын айтты.
Бұл шаруашылық алдын-ала егістік алқапты өңдеуден өткізіп, майлы және бидай дақылдарын сеуіп үлгеріпті. Атап айтсақ, барлығы 6000 га асатын алқапқа, бидай – 3252 га, майлы дақыл – 1173 га, жем – 1599 га егіліпті. Тағы бір ерекшелігі, ет өнімдерін былтырғы жылға қарағанда (74,6 тонна) биыл 75,8 тоннаға арттырып, экспортқа да шығарған екен.
Мұнан кейін Н.Садуақасов "Аят Агро", "Сұлу", "Майлин" ЖШС-нің алқаптарын аралап шығып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қырман басындағы мәжілісіне қатысты. Содан соң Асенкритов селолық округінің фельдшерлік амбулаториясына және ауылдық орта мектепте болып, аудандық мәслихат депутаттарымен жолықты. Бұл жерде де аз-кем аялдап, Виталий Морковник жетекшілік ететін Денисов ауданы "Баталинское" ЖШС-нің егін алқабында болып, жердің құнарлығын байқап, шаруашылық басшысына ақыл-кеңесін айтып, біраз әңгімелесті. Аудан әкімі Ерлан Жаманов "Крымское" ЖШС-нің аумағында тігілген қосқа бастай жөнелді. Мұнда да алқалы жиын өткізіп, өңір басшысы Денисов ауданының №2 орта мектебіне ат басын бұрды. Мектеп директоры Галина Моргуль білім ошағының тыныс-тіршілігі туралы баяндап, 1987 жылдан бері бұл ғимаратқа әлі күрделі жөндеу болмағандығын айтуы мұң екен, Н.Садуақасов бірден назар салып, орынбасарларына тапсырма беріп, қағазына түртіп алды.
– Айтуыңыз өте орынды. Біз кезек күттірмейтін осындай мәселелерді көріп, тыңдауға келдік. Келер жылдың жоспарына кіргіземіз. Әлбетте, күрделі жөндеуден өтеді білім ошағы, – деп нықтап айтты.
Екі аудандағы сапардан түйген ой – аймақ басшысының диқандарға тек қана егіншілікті ғана емес, мал шаруашылығын да жан-дандырыңдар дегені болды. Себебі, қазір Елбасы тапсырмасына сай еліміз бойынша "Сыбаға" бағдарламасы қарқын алып келеді. Сондай-ақ, "Агробизнес – 2020" бағдарламасы тағы бар. Міне, осы бағдарламаларды қалай тиімді пайдаланып, одан әрі дамыту турасында әңгіме өрбітті.
– Кейбір сіздерге көңіл толмайтын тұстар көп. Оның атын атап, түсін түстеудің де қажеті шамалы. Елбасының тапсырмасы жергі-лікті жерде аяқсыз қалмай орындалу керек. Ол үшін барлығымыз жұмыла іске кіріскен жөн. Егін егумен ғана емес, мал шаруашылығын да дамытыңдар. Оған үкіметтен субсидиялар бөлініп жатыр емес пе? Қамсыз отыра беруді қойыңдар, – деп кейбір шауаршылық жетекшілерін қатаң сынға да алды.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ