Ат үстіндегілерге айтарым…
Мен, Қарсақпаев Құқымай қаршадайымнан қара жұмысқа жегіліп, соғыс кезінде де еңбек еткен жандардың бірімін. Колхоз кезінде алғаш рет жылқы, сосын қой бақтым. Өмірімнің көп бөлігін мал шаруашылығына арнаған адаммын. Енді бүгінде тыл еңбеккерімін әрі зейнеткермін.
Марқұм Құдай қосқан қосағыммен алпыс жыл бірге отастық, 9 баланы өмірге әкелдік. Жиырмаға жуық немере-шөбере сүйіп отырмын.
Иншаллаһ, бүгінде еліміз тыныш, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Менің айтайын дегенім, қазір Ананьевка ауылында аз-маз үй қалды. Осы жерде туып-өскен соң, осы жерде отырамыз әлі. Алайда, қыстың күні жол қатынасы болмай қалады. Су әкелетін жер алыс, борандарда балам әбігерге түседі. Жағдайымызды түсінетін жан табыла ма екен? Ат үстіндегі азаматтар аудан орталығынан үй алып бере алмай ма екен?
Құқымай ҚАРСАҚПАЕВ,
Ананьевка ауылы, Сарыкөл ауданы.