Жаңа бастама жандана түспек
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер өңірлік Палатасының жанындағы іскер әйелдер Кеңесінің алғашқы отырысы болды.
Бүгінде Ұлттық Палата алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – нәзік жандыларды кәсіпкерлікке көптеп тарту және оларды кәсіби тұрғыдан дамытып, қызметін өсіру. Іскер әйелдер Кеңесі қыз-келіншектерді бизнеске келтіру арқылы қоғамдағы гендерлік көрсеткіштің деңгейін жақсартуды көздейді.
Жалпы, облыста 450 000 –ден астам әйел-азаматшалар есепте болса соның тоқсан мыңнан астамы ғана өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Көбісінің жеке кәсіптері бар. «Дегенмен,бұл да аздық етеді,-дейді Кеңес мүшелері,- Нәзік жандылар шағын және орта кәсіпкерлікпен неғұрлым көбірек айналысса, соғұрлым жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Бұл қоғамның ұсынықты орта тобын қалыптастыруға сеп болмақ.
Негізі, әйелдердің жеке кәсіптерін ашуға қаржылық сауаттылығының жетіспеуі, заңдық аспектілердің орындалу талабын меңгермегендіктері кедергі.Сондықтан, бизнесті жаңа бастамаққа бел буған әйелдер үшін оқыту курстарын ашып, оған алыс ауылдарда тұратын нәзік жандыларды тартса нәтижелі болар еді деген ой айтты отырысқа қатысушылар.
Кәсіпкерлікке енді ден қойып жатқан қыз-келіншектерге бизнесті дамыту үшін ақпараттық қолдау жасап, түрлі кеңестер беру де артықтық етпейді. Ал шаруасы өрге домалаған әйел-кәсіпкерлер үшін шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға қатысты бөлек бағдарлама жұмыс істейді. Онда әркім өзі өндірген өнімдерін экспорттау мәселесі бойынша тиімді ұсыныстар көрсетілген.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының жаңа бастамасына қазақстандық әйелдер белсенді түрде қолдау білдіреді деген сенімдемін»,-дейді ҰКП төралқасы төрағасы хатшылығының жетекшісі Ләззат Рамазанова.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ