Салық төлесең – абыройға бөленесің
Өңірімізде мемлекет қазынасын толтыруға адалдық танытып, салық көлемін артығымен орындаған кәсіпорындар мен бизнесмендер аз емес. Солардың қатарында жеке кәсіп иесі Валерий Крапиваны ерекше атап өтуге болады. Мемлекеттің кірісін ұлғайтып, салықты 266% орындаған оның ісі бизнес төңірегіндегілерге үлгі болардай. Көлік тасымалдаумен айналысатын В.Крапиваның тек 2013 жылғы табысы 346,7 млн. теңгені құрапты.
В.Крапива секілді тапқандарын жасырмай, мемлекетке салықты еселеп төлейтіндер облыстық мемлекеттік кіріс департаментінде жиналды. Мекеме басшылығы үздік салық төлеушілерді 20 сала аталымы бойынша марапаттады.
– Екі ай бойы «Үздік салық төлеуші» және «Сыртқы экономикалық қызметтің үздік қатысушысы» аталымдары бойынша облысымыздың барлық жеке кәсіпкерлері мен заңды тұлғалары іріктеуден өтті. Бүгінгі шараның мақсаты – бизнесті аяғынан тік тұрғызып қана қоймай, басқаларға үлгі көрсетіп, мемлекеттің экономикасына ғана емес, қоғамға да пайдасын тигізіп келе жатқан кәсіпкерлердің жетістігін көпшілікке паш ету. Бүгін өңірімізде уақтылы әрі адал түрде салық төлеумен қатар, инфрақұрылымдардың дамуына үлес қосқан, бірқатар демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлеріміздің өнегелі ісі назардан қалмайды, – деді облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Айбек Паяев.
Дегенмен бүгінгі шарада «Шетелдік компания» және «Мониторингте тұрған ірі салық төлеуші» номинациялары бойынша «үздік» танылғандар болмады. Ал 21 кәсіпкер өндіріс, қызмет, сауда, құрылыс, шаруа қожалығы, балық шарушылығы, көлік және байланыс, акциздеу, тіркелген салық, қазба байлықты пайдалану, кәсіпкер емес жеке тұлға, сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы салалары бойынша марапатталды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.