Имамдар біліктілігін арттырды
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей тапсырмасымен РАНТ тобының мүшесі Жолдас Қоспақов Қостанай өңірінде болды.
Есімі көпке белгілі дін қайраткері осы сапарында облыс орталығындағы құрылыс колледжінде және жазасын өтеп жатқандарды еңбекпен түзету мекемесінде, орталық «Марал ишан» мешітінде және қалалық мешітте болып, жұртшылықпен жүздесті.
Қостанай облыстық Марал ишан мешітінде жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша төрт күндік семинар өткізілді. Олардың тақырыптары да бүгінгі уақыт талабынан туындаған.
Бұл басқосуға өңірдегі аудандар мен қалалардың имамдары қатысып, көп жайды көңілдеріне түйді. Оларға дәрісті РАНТ тобының мүшесі Жолдас Қоспақов жүргізді. Аталмыш жиындарда діни ағымдар, салт-дәстүр және мазхаб турасында уағыз айтты. Көпшіліктің қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Семинар өте әсерлі өтті. Имамдар мұндай біліктілікті арттыруға септігін тигізетін басқосулардың әрқашан да тиімді екендігіне көздері айқын жетті.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі