Үздік отбасылар марапатталды
"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының облыстық кезеңінің лауреаттары анықталды. Жеңімпаздарды марапаттауға арналған салтанатты шара қаламыздағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрында өткен болатын.
"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы Елбасының бастамасымен қолға алынған игі шара. Негізгі мақсаты отбасындағы сыйластық пен салт дәстүрдің сақталуын насихаттау, бала тәрбиесін-дегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру.
– "Отан – отбасынан басталады". "Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет", салт-дәстүрді сақтау, еңбекқорлық, осының бәрі адамның бойына жастайынан сіңетін қасиеттер. Бала ата-анасынан алған тәрбиесі арқылы өсіп жетіледі. Елбасының бастамасымен қолға алынған байқаудың мән-маңызы осында жатыр, – деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Байқаудың облыстық кезеңіне өңірімізге қарасты қалалар мен аудандардан 36 отбасы қатысты. Олардың әрқайсысы ұлттық құндылықты сақтап, салт-дәстүрді дәріптеп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде зор үлес қосып жүрген жан-ұялар. Қатысушылардың бірі – өнер-білім, енді бірі – спорт пен ғылым саласында жоғары жетістікке қол жеткізген. Қай қайсысын алып қарасаңыз да әулеттің абыройын асырып, шаңырақтың шаттығына кенеліп отырғанына көзіңіз жетеді. "Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда" демекші, облыстық коммиссияның шешімімен үш отбасының бағы жанды. Атап айтқанда, "Рух күші" аталымында Дүйсен-ғали Оспанов пен Аруна Жақсағұлова лауреат атанды. "Әулет" аталымында қостанайлық Сергей және Наталья Матвиенконың отбасы жеңіске жетті. "Мерейлі отбасы" аталымында әулиекөлдік Жаңбыршиновтар отбасы үздік атанды. Жаңбыршиновтар әулеті қыркүйек айында республикалық байқауда облысымыздың намысын қорғайтын болады.
Салтанатты шарада жеңімпаз отбасылар мен байқаудың өзге де қатысушылары арнайы сый-сияпатқа ие болды. Марапаттау рәсімінде облысымыздың өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Іс шара барысында танымал ақын, ғалым Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған белгілі композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдиннің "Туған үйдің жылуы" атты әнінің тусауы кесілді. Отбасы туралы әнді ағайынды Деріпсалдиндер орындады. Төменде әннің толық нұсқасын беріп отырмыз.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.
"Рух күші" аталымының лауреаты Д. Оспанов пен А. Жақсағұлова
Ағайынды Деріпсалдиндер ән шырқауда