Қымбатшылық теледидарға да жетті
Бұдан былай еліміздегі «АЛМА-ТВ» кабельдік телеарнасы ұсынып келген бағамен қош айтысасыз. Серіктестік үстіміздегі жылдың 1 ақпанынан бастап кабельдік эфир тарату қызметінің тарифін арттырмақ. Баға бірден екі еседен асып кетеді. Бұл туралы компанияның ресми сайтында жарияланды. Осы хабарды естіп, бізге хабарласып жатқан көрермендер аз емес. «Бұған дейін ең арзан саналған «эконом-плюс» пакеті үшін 850 теңге ақша төлеп келген едік, енді бірден 1800 теңгеге жетті» дейді тұрғындар.
– Біріншіден, компаниямыз таратып отырған шетелдік телевизиялық арналар біздің елімізге трансляцияланатын арналардың бағасын арттырып жіберді. Осыған байланысты біз де тариф бағамын өсіруге мүдделі болып отырмыз. Екіншіден, серіктестік еліміздің барлық облыс орталықтары мен халық саны көп қалаларда, Астана мен Алматы шаһарларында қызмет етіп отырғандықтан, техникалық жағынан жаңалау-жаңғырту жұмыстарын жүргізуіміз керек. Оған да қомақты қаражат қажет, – деді филиал басшысы.
Берік Мұсаның айтуынша, компания 14 жылдан бері тариф бағасын алғаш рет көтеріп отыр екен. 2001 жылы 1050 теңге болған баға осы уақыт аралығында арзандаған кездері болыпты.
Айтпақшы, 1 ақпанға дейін ескі тарифтегі баға бойынша бірнеше айға төлеп қойған абоненттерге қам жемеуге болады. Өйткені, алдын ала төлеген азаматтардың төлемі сол күйінде сақталады.
Қыдырбек Қиысханұлы