Көшелер қардан тазартылды
Биыл ауа райы жиі-жиі құбылып, борандатып тұр. Соған байланысты қала көшелерінде қар көбейетіні белгілі. Бұған жол беруге болмайды. Себебі, асфальт үстінің қары қалыңдап кетсе, автокөліктердің жүруі қиындайды. Тіпті, жаяу жүргіншілер де қалың қарды омбылап, адымдай алмай қалады.
Толғақты мәселе шешімін табуда. Қалада тазалықты сақтап, тәжірибе жинаған ұйымдар ұжымы білек сыбанды. Олардың саны төртеу. Бұлар – "Таза Жол АТ", "АБЗ плюс", "Вескор" және "Экол" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Мердігерлік ұйымдар қаланың жеке-жеке учаскелерін меншіктеніп, жауапкершілігіне алды. Мәселен, "Таза Жол АТ" серіктестігі қаланың орталық бөлігінде, "АБЗ плюс" серіктестігі қаланың оңтүстік аймағында, сонымен қатар Аманкелді, Дружба, Ударник, Қонай елді мекендерінде, "Вескор" серіктестігі қаланың солтүстік тұсында, "Экол" серіктестігі қаланың жағындағы учаскеде жұмыс істеуде.
Шындығына келгенде, бұлардың қай-қайсысына да жүктеген міндеттеме жеңіл емес. Атап айтқанда, жолдардың күн сайын қарын қолмен күрегендей тазарту айтуға ғана оңай. Жұмыстарды қолмен атқаруға 200-250 адам жұмылдырылған. Олар таңғы сағат жетіден күндізгі үшке дейін дамыл таппайды. Егер адам күші жетіспесе, кезекші топ іске кірісіп, түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істейді.
Әрине, қарды үйіп, автокөліктерге тиеу техника күшінсіз атқарылмайтыны белгілі. Мердігерлік ұйымдар мұны да ескерген. Облыс орталығында күндізгі уақытта тасымалдауға жиырмадан қырыққа дейін автокөлік бөлінген. Механикаландырылған жұмыстар тез және сапалы күйде жүргізіледі. Қарды көліктерге тиеуге арнайы тиегіш механизмдер пайдаланылады.
Қарбалас жұмыстардың сапалы атқарылуы күн тәртібіне қойылды. Серіктестіктердің жұмысын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бақылайды. Олар көше жолдарын ғана емес, көпшілік жиналатын қоғамдық орындарды да қардан тазартудың жүйелі түрде жүргізілуін ұйымдастырады.
Жалпылай алғанда, көшелерді және қоғамдық орындарды қалың қардан, қалдық заттардан тазартуға қала бюджетінен үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 340 миллион теңге ақша жұмсалмақ.
Ермекбай
ХАСЕНОВ
Суреттерде: қаланы қардан тазартушылар.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.