Тәуекел – тас жарады
Қоян өсіріп-ақ қыруар пайдаға кенелуге болады. ағайынды Марановтардың осындай тың бастаманы қолға алды. Олар кәсіптерін өрбітуге жасалған жағдайға дән риза. Қазы-қарта мен құйрық-бауыр барда қоянның еті кімге керек дейміз ғой. Сөйтсек, керек екен. Оны қалаларда ерекше ас дайындайтын, түрлі дәмханалар үлкен сұраныспен алатын көрінеді.
Ағайынды кәсіпкерлер Естай, Әділ және Талғат үшеуі алғашында көптеген бизнес-жоспарларды шолып отырып, ұзынсонар тізімнің ішінен кәсіптің осы түрін таңдап алған. Ойлана келе жергілікті жұмыспен қамту орталығының септігімен, бағдарлама арқылы үш миллион теңге көлемінде несие алады.
Үлкен ағалары Естайдың айтуынша, шаруашылықты дөңгелетіп әкету әу баста қиын соғыпты. Не болса да, тәуекелге бел буған іскер жігіттер алдымен қоянға арналған қораптарды дайындауға кіріседі. Үкіметтен несиеге алған қаржыға ағаш кесетін құрал-жабдық, тақтай, темір торкөздер сатып алып, қабат-қабат қоян қора салады. Сосын ұрғашы қояндарды іздеуге кіріседі.
– Жан-жақтан сұрау салып отырып, асыл тұқымдысынан, етті, салмақты түрлерін таңдап әкеле бастадық. Солайша қолымыздағы ұрғашы қоян саны отызға жетті. Бағалары да арзан емес. Қояндар ай сайын туады. Кейде алты, тіпті 12 көжекке дейін төлдейді, – дейді Әділ ағасының сөзін жалғай түсіп.
Жылдам көбейетін жануардың пайда әкелетіні де заңдылық. Кәсіпкерлер қоянды төрт ай ғана бағады екен. Осы кезде қоян нағыз бабына келіп, едәуір салмақ жинайды. Бордақыдағы қояндар бөлек бағылып, сатылымға дайындалады. Бір қоян 2-2,5 келі ет береді. Жас кәсіпкерлер дайын етті Қостанай, Көкшетау, Астана қалаларындағы мейрамханаларға өткізеді. Етке тұрақты сұраныс беретін мейрамханалар да бар екен. Олармен келісім-шартқа отырып, ай сайын қалағандарынша қоян етін жеткізіп беріп отыратын ағалы-інілілердің жұмыстары да жүйелі, әрқайсының өздерінің атқаратын міндеттері айқын.
Жақында қытайлық кәсіпкерлер олардан қоян етін көңілге қонымды бағаға сатып алмақшы болыпты. Ол жақтан тіркемесі бар жүк көлігімен келетінін естігенде ерекше қуанғандарын жасырмады. Қорадағы 400-500 қоянды асырау үшін де қыруар күш-қайрат керек. Бидай, арпа, сұлы, басқа да дәнді дақылдардан жасалған жемді талғамай жейтін бұл кеміргіштерге күніне бірнеше шелек арнайы азық беріледі. Қоян жылдам көб-ейіп, тез өскенмен, өте нәзік жануар. Жі-гіттер бастапқыда ауырған қояндарын алып, жергілікті мал дәрігерлеріне барғанда, ол жердегілер: "Балам, жылқыңды, сиырыңды әкелсең емдер едік, қоя-ныңды білмейді екенбіз" деп шындарын айтыпты. Қоян өсіру үшін өзіңнің егіп отырған егінің, жем-шөп қорың мол болуы керек.
Әйтпесе, сатып алып берген жеміңмен, айтарлықтай табысқа жету қиын. Әзірге дайын өнім ет қана. Терісі кәдеге аспай тұр. Сән үйлері, тағы басқа тігін цехтары өңделген теріні ғана қабылдайды. Оны өңдеу үшін біліктілік пен арнайы аспаптар қажет. Кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерде ондай мүмкіндік қайдан болсын? Ағайындылардың ендігі мақсаты – сол үйіліп жатқан теріні кәдеге жарату, ол үшін Ресейден арнайы құрылғы сатып әкеліп, теріні үлбіретіп өңдеуді армандайды. Қазіргі теріні тек қана илеуден басқа, оны химиялық жолмен мұнтаздай етіп тазартып, жүнін жылтыратып бояу сияқты заманауи әдістері бар. Олар болашақта тері өңдеуді меңгеріп алса, түрлі сәнді ішіктер, бас киімдер тікпекші.
– Бүгінде бизнеске оңды жағдай жа-салған. Жұмыспен қамту бөліміне үлкен алғысымызды білдіреміз, олар біздің әрбір қадамымызға қолдау көрсетіп отыр. "Жұмыспен қамту – 2020" бағдарламасының екінші бағыты бойынша берілетін несиені де еш кедергісіз алдық. Қазір жатсақ та, тұрсақ та босқа ысырапталып, пайдаланусыз жатқан теріні кәдеге жаратуды ойлаймыз, – дейді жас кәсіпкерлер.
Қазіргі таңда олар атқарушы биліктің тұрғындарға үлгі етер азаматтары. Әрине, бұл жайт бастамашыл ағайындыларды одан әрмен шабыттандырары сөзсіз.
Мешіт
ҒАЗИЗ