Көз немесе б-ға

Айтылмай қалған жыр еді –
Айдан да әйбат айқабақ.
Қалқатайымды жағада балқыған шағым аймалап,
Шырақтар билеп тұрғанда, сәулесін толқын майдалап,
Түнге бір ғашық Тобылдың қарашығында тайғанап.
 
Тобылдың үзік тамшысы – көздері қыздың мөлдір-ді,
Сол көзде шырақ біткенді елең-алаңда сөндірді.
Сол көзде тұрған шүпілдеп, оқылмай кеткен қапыда,
Есінеуік түннің есінен таптым мен кеше сол жырды.
 
Жазғы Қостанай ернеуі,
жағадан анау беттегі,
Самалға мініп келді де,
санама сіңіп, көктеді.
Таба алмай жырды,
аруым өзге елге көшіп кеткелі,
Тұнық көзі аңсап,
шешілді нешеме түннің шекпені.
 
Ол шақтың түні торғын-ды,
 Тобыл тым мөлдір ол кезде.
(Аңсарым ауса көшеге,
түспейтін болдым жолға өзге).
Жаз шырайлы еді,
ал қыздың көзі ғажап-тын одан да!
Шамасы, жазым ілесіп,
 кеткен секілді сол көзге.
 
 
 
Жырменен салып келбетін, жүрегімменен құшақтап,
Сағынышыма орадым сезім-жазғанды түсі әппақ…
Хабарсыз қалған қалқамның қасына барып қонардай,
Балконнан талай қалқыттым, жыр парақтардан ұшақ сап.
 
Өлеңде басқа демесең, ақын да әсте естіден…
Сол қызды ойлап басталған, сол жыр оқылып, кеш кілең…
…Өзі тұратын қалада ол, әлдебір ауруханада,
әдемі көзін емдетіп жатыр дегенді естігем…
 
Көзі еді мөлдір – жырымның жаныммен сүйген бар құны,
Көзі еді мөлдір – ақынға айналдыратын жандыны.
Өзегің өлгір тамсаныс, кінәң бе сенің, білмедім –
Тобылдың үзік тамшысын тамызып апты тағдыры…
 
 Айтылмай қалған жыр еді…
Ал, Тобыл сылқ-сылқ күледі –
…біледі. 
 
Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓