Зиянды әдеттер сіздің жеке тұлғаңыздың құпияларын ашады
Сіз үнемі тиын құсап бірдеңені тістеп не кеміріп жүресіз бе? Тырнақ, қаламсаптың қалпақшасы, тісшұқығыш – осылардың бәрі сіздің аузыңыздан әлсін-әлсін табыла ма? Әлде сіз әр зат өз орнында тұрмаса көңілі бұзылатын тәртіп құмар жансыз ба? Әлде өзіңізді жайсыз сезінгенде, қобалжығанда бірден тәттіге, спирттік ішімдіктерге, никотиндік рахатқа үйір келетіндердің қатарындасыз ба? Әлде сіз үнемі бәріне көңіліңіз тола бермейтін, барлық сұрақтарға "жоқ" деп жауап бергенді жөн көретін адамсыз ба? Басыңызға түскен ауыртпалықтардың себебін өзіңізден емес өзгелерден іздейсіз бе? Қылықтарымыз бізге және жан-жағымыздағыларға не айтатыны жайлы біраз ойланып көрейікші. Бәлкім олар өміріміздің мәнін кетіріп жүрген болар…
Халық даналығы, әдет – ол біздің екінші болмысымыз екендігін алға тартады. Бұндай мәтел кітаптарда кездеседі. Алғаш рет Аристотельдің "Риторикасында" "Әдет өте келе табиғи қа- лыпқа айнала бастайды" делінген. Цицеронның "Жақсылық пен жамандықтың шегі туралы" атты шығармасында бұл нақыл сөз латын тіліне "әдет екінші болмыс": Consuetude estaltera natura деп аударылған.
Шын мәнісінде, әдет адамның "екінші терісіне" айналады. Психологтар әдеттердің ықпалы зор, әрі жап-жақсы өмір сүруімізге кесірін тигізетін олардан, құтыла салу оңай шаруалардың бірі емес екендігін алға тартады.
Біз күнделікті бір әрекетті қайталай береміз, сол қылығымызбен айналамыздағыларға жақпай, жақындарымызбен ренжісіп те жатамыз, өмірімізге кедергі келтіретін дискомфортты да сезініп жататынымыз жасырын емес.
Әдеттердің басым көпшілігі – ішкі таным-түсінігіміздің ескерту дабылдары болып табылады. Оларды оқи білсек, бізге көбіне өзіміз де түсіне бермейтін дүниелерді айтып бере алады. Сол себепті де, жақсы не жаман дағдыларымыздың біз жайлы не айтатындығы жөнінде біраз анықтауды ұсынамын.
Бір нәрсені кеміру әдеті
Арамызда тырнақтарын кеміруге құмарлар бар. Орташа есеппен жарты жылда адамдар кемірулер арқылы тырнағын тұтас жеп қояды екен, және бұл тек бір ғана саусағында. Кеміріліп қалған тырнақты адамдардың онша тартымды көріне бермейтіндігі жайлы айтпай-ақ қойса да болар. Әйел адамдардың жинақы келген саусақтары-көптеген ер адамдардың назарына ілігеді, сондықтан кеміру процесінің арқасында пайда болған, тырнаққа онша ұқсай қоймайтын тырнағыңыз болса мекен-жайыңызға көп қошемет түседі деген ойдан күдеріңізді үзе берсеңіз де болатын шығар. Әйел адамдардың көбісі де тырнағын кеміріп тұрған ер азаматты көргенде жанынан өте шығары анық. Бұл әдеттер сіздің ішкі тұлғалық проблемаларыңыз, қобалжуларыңыз жөнінде сыр береді. Ол сіздің өзіңізге төмен баға беретіндігіңізбен, өзіңізді жеткілікті дәрежеде сүймейтіндігіңізбен байланысты. Бұдан бөлек, қол тістеп, тырнақ кеміру әрекеттері арқылы өзімізді махаббатқа лайық емес екендігіміз үшін жазалаймыз.
Біреулеріміз шырпы, тісшұқығыш, қаламсап, қарындаш кеміреміз. Біріншіден, бұларды аузыңызға апармас бұрын, олардың кір күйде болуы ықтимал екенін естен шығармағаныңыз жөн, әрі бұдан соң психологиялық тұрғыдағы проблемамен қатар физиологиялық тұрғыда да түрлі дерт-ке душар болуыңыз мүмкін екендігін ұмытпаған абзал. Екіншіден, бұндай әдетіңіз жұмыстағы беделіңізге міндетті түрде кесірін тигізбей қоймасы анық. Психологтар, үнемі бір затты кеміріп отыратын адамдарды басқалар ұшқалақ адам санайтындығына сенімді. Аталмыш әдет ішкі үрей мен қорқыныш сезімнің бойды билейтіндігінен хабар береді. Зигмунд Фрейд бір затты үнемі кеміріп не сорып отыру, рақаттану тәсілінің бір түрі деп есептеген. Бұны, санадан тыс эротикалық рахат алуға деген жоғары деңгейдегі құлшынысқа жатқызуға болады.
Сіз кеміріп отырған зат қайдан келгендігі жайлы бір сәт ойланыңызшы. Сіз кеңседегі қарындаш не қаламды алдыңыз ба әлде көршіңізден сұрап алдыңыз ба? Сіз оны кір қолыңызбен ұстадыңыз не оны сізге дейін біреу кемірген.
Бірдеңені шұқылау әдеті
Мәселен, мұрын шұқылау әдеті – өкінішке орай мұндай дағды белгілі бір дәрежеде бәрімізге тән. Бұған ғылыми зерттеулер арналған, тіпті оған ғалымдар ринотиллексомания деген ат та ойлап тапты. Алайда, ылғи да және себепсіз мұрынды осы әдіс арқылы тазартар болсақ, мұрынның шырышты қабығына зақым келтіріп, соңы қан кету, инфекция кіргізу сынды жағдайларға соқтыруы мүмкін.
Жазылып келе жатырған жарақат, тырнақтағы лак, безеу мазаңызды алып, оларды дереу шұқылап тастағыңыз келсе, онда сізге ең дұрысы ішкі гармонияңызды жақсы қалыпқа келтірумен айналысу керек.
Тырнақ кеміру әдетіне жақын бұл дағды мазасыздық, қанағаттанбаушылық жөнінде айтады. Және де санадан тыс идеалистік, барлық нәрсенің мінсіз, ең бастысы қазіргіден де жақсырақ болуын қалап тұратындығы жөнінде сыр береді. Мәселен, сіз тырнағыңызда әлі кеуіп үлгермеген лакқа тиісе бересіз – ол тез арада кеуіп, сізді мінсіз сұлу еткенін, немесе кішкентай жараның тез сауығып кеткенін қалайсыз, бұл санадан тыс ынтызарлық. Психология, аталмыш әрекетті ішкі сезімдердің үнемі асығып тұруы деп түсіндіреді.
Саусақтарды сыртылдату әдеті
Британдық зерттеушілердің пікірінше, бұндай дағды екінің бірінің жүйкесіне тиеді. Бірақ бастысы бұл емес. Сіз бұл әрекетіңіз ар-қылы буындарыңызды зақымдайсыз, уақыт өте келе олар өз иілгіштігін, ептілігін жоғалтады.
Әйел адамдарға қарағанда, саусақ қытырлатқыштардың көбі ер адамдар. "Бұндай машық өзіңізге іштей сенімділіктің жоқ екенін білдіреді", – дейді психологтар.
Ерін және ұртты тістеу әдеті
Әрдайым ішкі жағынан ұртын тістелеп жүре-тіндерге, ауызда ұнамсыз ойық жаралардың пайда болу проблемасы таныс, дегенмен басты қиындықтардың ішіндегі маңыздысы бұл емес. Көптеген рахат сезімдерді біз ауыз арқылы се-зінеміз. Бұл тек қана дәмді тамақ емес, бізге деген махаббаттың белгілерінің бірі – ананың сүті, сүйіс. Санадан тыс ауыз айналасына зақым келтіру – бұл ішкі сезімге мұқтаждықтың шамадан тыс көп болғандығы үшін өзіңді жазалау әрекеті.
Бұл адам бойында кездесуі мүмкін әдеттердің барлық спектрі емес. Қалғандары жайлы келесі жолы әңгімелесуді ұсынамын. Осы кішкене тізімнің өзі бізді ойлануға итермелейді: әдеттер, махаббат пен жылулықтың, өзіңе деген сенімділіктің орнын толтыра ала ма? Өз-өзімізді іштей жеп, мәселені ашық қалдырғаннан гөрі, эмоционалдық тұрғыдағы жетіспейтін сезімдер жайлы жақындарымызбен немесе мамандармен сөйлескеніміз жөн.