Атыңнан айналайын, Қарабатыр!
Ауыл шаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жылда қараша айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін. Биыл дарқан дала ерлеріне құрмет біраз кешеуілдеп көрсетілгелі отыр. Оған себеп – биылғы тым күрделі ауа райы жағдайы. Дегенмен, біздің диқандар мол өнім үшін күресте ерлікке тең еңбек етті, жеңіп шықты.
Жәкең салған із жалғаса бермек
Қазіргі Қарабатыр ауылының Қарабатыр болып тұрғаны – оның азаматтарының іскерлігі мен табандылығының арқасы. Тоқсаныншы жылдардың басындағы нарықтың өкпеден қысқан заманында Жәзит Құдайқұлдың соңынан ерген ел қандай қиындық көрсе де мойыған жоқ. Бүгін сол Жәкең тамырын тереңге жайған бәйтерек іспетті – республиканың алдында міне, дейтұғын ертегі-қалаға бергісіз ауылдың іргесін бекітті. Әттең дегізетіні, бір жылдың алдында ел батыр ұлынан айырылып, қайғырып қалып еді. Десе де, "орнында бар – оңалар" демей ме, бүгінгі қарабатырлық ағайынның еңсесі көтеріңкі. Жәкеңнің ізін жалғап, халықты жұмылған жұдырықтай болуға аянбай келе жатқан Марат Жәзитұлы Құдайқұловтың игі ісіне куә болып келдік.
Сәрсенбі күні Қарабатыр жұртшылығы ауыл шаруашылығы күнін атап өтіп, серіктестіктің табысы үшін еңбегін аямай үлес қосқан жұмысшы қауым сый-сияпатсыз қалмады. Әрине, алты ай қыстағы техниканың қамы, көктемгі егістік пен жаз бойғы алтын астықты сақтап қалуға күш салу, күзгі орақ және дәнді жауын-шашынға қалдырмай қойма-элеваторларға сақтаудың жемісі – осы бір мереке емес пе.
"Қарабатыр" Агрофирмасы" ЖШС көпшілік залында өткен салтанатты жиынға ауыл шаруашылығы үздіктері, аудан басшылығы, ардагер ақсақалдар, об- лыстан арнайы шақырылған тілшілер қатысты. Серіктестіктің негізін қалаған Жәзит Кәрімұлының есімі ардақталып, барша қауым марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алғанын айта кету керек. Ал мерекелік дастархан басында құттықтаулар айтылып, биылғы жылды табысты аяқтауға бар үлесін қосқан агрофирманың қызметкерлері, диқандары мен малшылары, басқа да саладағы азаматтардың еңбегі еленіп, барлығына ақшалай және заттай бағалы сыйлықтар табысталып жатты. Ауылдағы тойға Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән-жыр, билерін шашу қылып ала барыпты.
Алғаш болып сөз алған "Қарабатыр" Агрофирмасы" ЖШС директоры Марат Құдайқұлов биылғы астық ору науқанында "бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып", алтын дәннің шашауын шығармай жинап алған ұжымға алғысын айтты:
– Ауылымызда жыл сайын ауыл шаруашылығы күнін мерекелеу дәстүрге айналған еді. Алайда өткен жылы біз осындай салтанатты жиын құра алмадық. Оның себебін білесіздер – ұжымның кірпішінен бастап қалаған Жәзит Құдайқұл арамызда жоқ. Дегенмен, тәжірибелі басшының айналасында еңбек еткен сіздер барсыздар. Биыл еліміз бойынша күзгі орақ науқаны ауа-райының қолайсыздығына байланысты оңайға соқпады. Соған қарамастан, біздің серіктестік нанымызды уақытында жинап үлгердік. Сол үшін барлықтарыңыздың еңбектеріңізді зор бағалаймын. Астық сақтауға жіберілді, қысқы мал азығы дайын, енді тек келер жылдың көктемгі егіс науқанына әзірлігіміз бар. Оны да баршамыз болып атқарамыз деп сенемін. Ал алдағы жылдары тек мол дән жинайтын күндерге жетуге тілектеспін.
Аудан бойынша алғаш
Биыл да мемлекетіміз агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту бағытында аз көңіл бөлген жоқ. Салалық бағдарламалар бойынша шаруашылықтарға субсидиялар беріп, олардың аяқ алысына үлкен серпін берді. "Қарабатыр" Агрофирмасы" ЖШС 42,2 млн. теңгеге жуық субсидияға ие болды. Соңғы жылдары ауыл шаруа-шылығы техникаларын жаңартуды үзбей келеді – қазіргі уақытта серіктестіктің машина-трактор паркінде 363 дана техника бар. Тек биылғы жылы 6 "КамАЗ" автокөлігі тіркемелерімен, "МТЗ" маркалы трактор, "ТСМ 40" тұқым сепкіш машинасы сатып алынды.
Үстіміздегі жылы Қарабатыр елі ауыл шаруашылығы күнін аудан бойынша алғаш болып атап өтіп отыр. Бұл да тиянақтылықтың жемісі. Осылай деген Қамысты ауданының әкімі Ж.Бисембаев барша қарабатырлықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ұлық күннің қарсаңында жасап жатқан салтанатты жиынның маңыздылығына тоқталды:
– Соңғы жылдары Елбасының саясаты арқасында агроөнеркәсіп кешеніне көп көңіл бөлініп келеді. Аграрлық сектордағы табыс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асуда. Егін және мал шаруашылығы саласындағы жетістіктерді жұмысшылардың елеулі еңбектерінің нәтижесі деп білемін. Оған биыл-ғы Қарабатыр ауылының егін көрсеткішін айта аламыз. Жаздық егіс 28,3 мың га құрады. Майлы дақыл мен мал азығы да назардан қалған жоқ. Үстіміздегі жылы аудан бойынша астықтың орташа айналымы әр гектардан 7,6 центнерді құраса, "Қарабатыр" Агрофирмасы" ЖШС 8,1 центнерден алды. Ал облысымызда бұл көрсеткіш – 61,9 мың теңге. Ауыл алдағы уақыт әлі де мол астыққа кенеледі деп сенемін.
Ер еңбегі жастарға үлгі болса игі
Қарабатыр елі алдыңғы қатарда жүретін, жұмысына берілген өз ісінің үздіктерін әрдайым мақтан тұтады. Қазір үздіктердің басында 1974 жылдан бері өндірістің түрлі саласында еңбек етіп келе жатқан Рудольф Газертті атауға болады. Бүгінгі таңда алтыншы дәрежелі реттеуші шебер кейінгі жастарға өнеге боларлық жан. Ал тәжірибелі маманның соңынан серік-тестікте 25 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Батырхан Азбеков, Александр Галатон, Александр Мырзахановтардың есімдері алғаш рет аталып отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы күні осы жігіттер бастаған жасы бар, жасамысы бар ұзын саны 180 қарабатырлық азамат марапатталды.
Ал біз Қарабатыр ауылында машина-трактор паркі мен бөлімше басшылығында болған тәжірибелі маман, қазіргі таңда №4 бригада бастығы Құрманғазы Нағашыбаевты сөзге тарттық:
– Біздің бригадамызда елуге тарта адам бар. Жұмысымыз негізінен көктемгі егіс пен күзгі орақ кезінде қызады. Биылғы егінді уақытында жинап алдық. Элеваторға да дер кезінде жеткізіліп, сақтауға қойылды. Енді жаңа жылдан кейін техникаларды келесі көктемнің егісіне дайындау жұмыстарына кірісеміз. Оны да табысты атқарамыз деген ойдамын. Өйткені, бүгін үздік атанған азаматтарымыз бар. Ендігі жерде алдыңғы буынның ісін жалғайтын жастарымыз көп болса екен. Көп жастар оқуын оқып-бітіріп алып, қалада қалып қояды. Ал оларды ауылға келіп жұмыс істеуге шақыруымыз керек. Егер жастарды жұмыс істеуге үйретсек, өзіміздің де еңбегіміздің жанып, нәтиже көрсеткені болар еді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.
Аудан әкімі Ж.Бисембаев "Қарабатыр" басшысы Марат Құдайқұлды құттықтады
Жәкеңнің жұбайы Жұмагүл Құдайқұл
Қ.Нағашыбаев пен Р.Газерт шаруашылық басында