Ауырып ем іздегенше…

Жасыратыны жоқ, еліміздегі дәріханалардағы медициналық препараттардың 80- 90 пайыздан астамы шет елдерден әкелінетіні белгілі. Осы орайда, дәрі-дәрмек бағасы мен сапасына қатысты айтылатын пікірлер мен сындар да жеткілікті.
lekarstva_na_domМұның сыртында жарнамасы жер жарып, кез келген науқастың дертіне лезде шипа болатын керемет дәрі ойлап таптық деп кейбір пысықтар қарапайым халықты алдап соғып, қалтасын қағуда. Соңғы уақытта жарнама жағынан мін жоқ шет елден келетін өнімдердің төңірегінде дау-дамай жиі көтеріліп жүр.
Ал біздің аймаққа таралатын дәрі-дәрмектің сапасы мен бағасына кім жауап береді? – деген сауалмен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметін бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментіне бас сұғып, сұрап білгенімізде: "Біз сатылымдағы дәрілердің сапасына ғана жауап береміз. Ал баға жағын дәріхана иелерінің өздері белгілейді. Департамент тарапынан мына дәріні мындай бағамен сатасың деп ешкімге бұйрық берілмейді.  Мұндай  іс біздің құзыретімізде жоқ", – деген жауап алдық.
Ал енді облыс орталығындағы дәріханалардағы дәрілердің бағасына тоқталсақ. Сенімді дерек көздеріне сүйенсек, шаһарда "Цветная", "Логос", "Забота", "Фармаком" секілді ірі жүйелері қалыптасқан 1000-нан астам дәріхана  бар. Бір қызығы солардағы дәрі бағаларының арасындағы алшақтық 30 теңгеден бастап 3 еселенеді. Мысалы, жоғары қан қысымына пайдаланатын "Индап" 2.5 мг-нан тұратын капсулалық 10 дана дәрісі "Фармаком" 995 теңге, "Забота" 970 теңге, "Цветная" мен "Логос" дәріханаларында 325 теңгеден сатылымда тұр.
 Осы орайда мамандар жұртшылықты әрбір дәріхананың ақпараттық желісіндегі байланыс телефондарына хабарласып, арзан бағаға керекті дәрісін сатып алуға кеңес береді. Бірақ ауру адам таңдамайды, жаны қысылып, дертіне шипа  іздеген жұрт бір дегеннен жақын тұрған дәріханаға барып дәрігердің рецепті бойынша керегін сатып алады. Ал кейбір жағдайларда сол ақ  желеңді абзал жандардың өздері қандай дәріханаға баруына кеңес беретін сәттер де бар. Сонда маман дәрігер мен дәріхана арасында астыртын байланыс бар ма деп күдіктенесің. Ақыры жаныңа батқан аурудан құтылу үшін соңғы тиыныңды жұмсап, қажетті дәріңді сатып алып кете бересің. Ең бастысы ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген игі…
Мешіт Ғазиз.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓