Галустуктерін спорт киімдеріне ауыстырды
№1-ші қалалық спорт мектебінде ҚР тұңғыш Президенті және Тәуелсіздік күніне арналған қысқы спартакиада жалауын көтерді.Оған Қостанай қаласы әкімінің аппараты, қалалық мәслихат, прокуратура, әділет, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, білім, мәдениет, қысқасы облыс орталығындағы барлық мемлекеттік мекемелердің басщылары мен мамандары қатысты.
Спорт бәсекесінің ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Ахметбек Ахметжанов құттықтау сөз сөйледі. « Ел тіуелсіздігінің мерекесі қарсаңында біздер осындай бір жақсы бір шараға ұйытқы болып тұрмыз. Мұндай жарыстар жыл сайын өткізіліп келе жатқаны баршаңызға белгілі»,-деп атап өтті. Қостанай облыстық спорт басқармасының басшысы Сергей Матвиенко мен қалалық спорт бөлімінің жетекшісі Нұржан Ермағамбетовтерге де сөз тізгіні тиді.
Қысқы спартакиаданың ашылу салтанатынан кейін командалар шағын футболдан жарысты. Мекемелер стол теннисі, шахмат тәрізді спорт түрлерінен де өз бақтарын сынауда. Спартакиада 17 наурызға дейін жалғасады.
Әзірге, кейбір спорт түрлері бойынша нәтижелер анықталды. Мәселен, стол теннисінен қалалық әкімдік бірінші орынды иеленді. Жүлделі екінші орынды Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы еншілесе, үшінші орынға білім бөлімі жайғасты. Шаршы тақта маңында жұптасқан командалар арасында бірінші орынды қалалық білім бөлімі жеңіп алды. Екінші орын қалалық әкімдікке бұйырды. Ал үшінші орын қалалық прокуратураның қанжығасына байланды.
Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен, заттай сыйлықтармен марапатталатын болады.
Айбек Кәдірұлы