Өзің мен өз қалаңды дамыт
Рудный технология және сервис колледжінде «Өзің мен өз қалаңды дамыт» деген ұранмен қала жастарының Х слеті өтті. Оған шағын шаһардың 120-дан астам бетке ұстар белсенділері мен озық ойлы жастары қатысты.
Биылғы басты ерекшелік– шара шеңберінде кәсіптік шеберлік байқауы ұйымдастырылды. Жалынды жастар «Медиа-кеңістік», «Жастар және саясат», «Жасыл қала» атты тақырыптық алаңдарында ой жарыстырып, өзара тәжірибе алмасты. Мәселен, Ақмолалық қонақ Алан Бесен Астана маңындағы EXPO-2017 қаржыландыруымен құрылып жатқан Ақкөл жастардың экологиялық таза қалашығы жайлы сөз қозғаса, «Инфопоток» ақпараттық орталығының жетекшілері Юрий Лапиков пен Евгений Сотниковтар әлеуметтік желілерден шынайы ақпаратты алудың жолдарымен таныстырды.
Түс ауа слетке қатысушылар киім дизайны, шаштараз және аспаздық бағыттары бойынша кәсіптік шеберлік сайысын тамашалады. Сондай-ақ, «Ұрпақтар сабақтастығы» дөңгелек үстелінде қала мен облысқа еңбегі сіңген ардагерлермен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Шара соңында жастардың ресурстық орталығының жетекшісі Максим Фролов конкурс жеңімпаздары мен қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бір топ жасқа сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Қуаныш Сейдоллаұлы