Тергеу бөлмесі ашылды

Қостанай облысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмағандармен тергеу іс-шараларын жүргізуге арналған бөлме ашылды. 
Юбилейный шағын ауданындағы учаскелік полиция пунктінің базасында жаңа кабинет пайда болды. Ол зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмағандармен сөйлесу үшін тергеушілерге арналған. Мұндай жағдайларда әңгімелесу үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. 
Кабинетті ашу бастамасы А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ ректорының кеңесшісі,әйелдер күштері Альянсының төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы Римма Бектұрғановаға тиесілі. 
– Біз еліміздің басқа өңірлерінде осындай кабинеттердің жұмыс тәжірибесін зерделеп, Қостанай облысында да ашуды ұсындық. Бұл идеяны Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков қолдады. Ол полиция мен жұртшылықтың тұрмыстық зорлық – зомбылыққа қарсы күрестегі ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті, – деді Римма Бектұрғанова.
Полиция департаменті әйелдер күштері Альянсымен жасалған меморандум аясында  ынтымақтастық дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу мәселесінде бірлескен жұмыстың маңызы ерекше. 
– Мұнда балалармен әңгімелесу үшін нағыз үй жағдайлары жасалған. Біздің бірлескен ынтымақтастығымыз қазірдің өзінде нәтиже беруде.  Балаларға қатысты зорлық – зомбылық фактілерінің саны 90% -ға, ал әйелдерге қатысты-95% – ға азайып келеді. Бұл деректер жыл басынан бері сіз қатысып келе жатқан кең профилактикалық жұмыстың нәтижесі болып табылады, – деді ПД бастығы Ерлан Омарбеков.  
Кабинетте тергеуші мен психологтың жұмысы үшін барлық жағдай қарастырылған. Сонымен қатар ойын алаңы, демалуға арналған орындар бар. Мамандардың пікірінше, мұның бәрі балаға мамандармен сөйлесудегі кедергіні жеңуге мүмкіндік береді. 
– Қылмыстың осы түрін тергеудегі тәсілдерді өзгерту бала құқықтарын сақтаудағы маңызды қадам, – дейді Қостанай облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілі, әйелдер күштері Альянсының үйлестіру кеңесінің өкілі Арайлым Аманқұлова.
Айта кету керек, әйелдер күштері альянсының өкілдері қажет болған жағдайда Қостанай облысының басқа қалалары мен аудандарында балаларға арналған осындай бөлмелер ашуға дайын екендіктерін білдірді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓