МИБ мүшелерін не алаңдатады?
Қостанайдағы мүлік иелері бірлестіктері мен жай серіктестік төрағалары бірігіп облыстық қауымдастық құрған. Жиындар өткізіп, кейбір мәселелерді бірлесе шешіп отырады. Бұл жолы қауымдастық мүшелері байланыс, ғаламтор және телекоммуникация операторларымен бас қосты.
Марина Павловна 9-шы шағын аудандағы 14-үйдегі МИБ төрағасы. Айтуынша, "Қостанай кабельдік желілері" компаниясы электр желісін заңсыз пайдаланып отыр және ол үшін көк тиын төлемейді екен. Құжаттарында да бірізділік жоқ дейді.
– Электр желісін заңсыз тартқанымен қоймай, қауіпсіздік шараларын мүлдем сақтамайды. Сымдарын қалай болса солай жалғап өткізе берген. Тұйықталған жерінен өрт шықса МИБ төрағасы кінәлі болып шығады. Төбені әр жерден рұқсатсыз тесіп тастаған. Ескертпестен келеді, негізінде мен бәрінен хабардар болуым керек. Қысқасы, біз есептеу жүргіздік, айына орнатылған бір жабдық үшін 2 500 теңге төлеулеріңіз керек, – дейді ол.
Сол жерде мәлім болғандай, компания бүгінге дейін телекоммуникациялық жабдықты орналастыру үшін бірде-бір жалдау шартын жасаспаған.
Аталмыш компания басшысы Алексей Гердт электр желісіне қатысты мәселені жуық арада шешетінін айтты. Екі тарап тек орнатқан жабдыққа төленетін қаражаттың құнына келісе алмады.
– Келтірген залалдың орнын жоямыз. Бірақ, арамызда келісім-шарт болмағандықтан, жалдау құнын төлемейміз. Тек пайдаланған электр құнын өтейміз, – деді компания басшысы.
Кейбір басқарушылар провайдерлердің үйге өткізген желілік сымдарын ортасынын қиып тастаған. Шатырда орнатылған телекоммуникациялық жабдықтарға өтер есікті жауап тастағандар да бар. Қызмет көрсетуші ұйым осы мәселе бойынша сотқа жүгінгенімен, жеңіліс тапқан.
Жиында тек "Қостанай кабельдік желілері" компаниясына ғана емес, сондай-ақ, "Uplink" ЖШС, "Алма-ТВ" филиалына, "Валента" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне де осындай уәж айтылды.
Екінші мәселе жылу есептегіш деректерін алушы компанияларға қатысты. Аталмыш ұйымдардың міндеті тұрғын үйлерде орнатылған құрылғылардың көрсеткіштерін Қостанай жылу энергетикалық компаниясына беріп отыруы керек. Осы үшін МИБ және ЖС төрағалары ақша төлейді. Шағымданушылардың талабы осы төлемнен босату. Кездесуге ҚЖЭК өкілдері шақырылған болатын, алайда олар төбе көрсетпеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ