Заңдастыру мерзімі – алты ай
Облыстық Полиция департаментінде өткен арнайы брифингте аға мемлекеттік автоинспекторы Нұрлан Қысабаев 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру қалай жүргізілетінін айтты.
Бұған дейін ІІМ заңдастыруды жүргізудің тәртібін, шарттары мен мерзімдерін айқындайтын үкімет қаулысының жобасын әзірленіп, заңдастыру қажетті заңнамалық өзгерістер қолданысқа енгізілді. Қостанай облысында 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыру 23-қаңтардан басталып, 1 шілдеге дейін жалғаспақ.
«Заңдастыруды алты ай ішінде жүргізу жоспарланып отыр. Заңдастырылатын автокөліктерге үш негізгі талап қойылады: автокөлік іздеуде болмауы керек, кедендік тазартудан өтуі қажет және елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт», – деді Нұрлан Қысабаев баспасөз брифингінде.
Заңдастыруға жататын автомобильдерге жасына және экологиялық класына ешқандай талап қойылмайды. Көліктің ел аумағына кіргізілген күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының деректер базасы арқылы анықталады. Бүгінде ол процесс толығымен автоматтандырылған.
«Сондай-ақ, шекара қызметінде немесе мемлекеттік кірістер органдарында көлікті әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда, автокөліктің Қазақстанда нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күніне сай айқындалады», – деп нақтылады ПД өкілі.
Заңдастыруға өтінішті электронды үкімет порталы немесе мамандандырылған ХҚКО-ға жеке өтініш жасау арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік іздестіру базалары бойынша тексеріледі. Одан кейін автокөлік Карбышев көшесі бойындағы мамандандырылған ХҚКО-ның тексеру пунктінен нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады.
Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер өтуі керек. Бұл – жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Мысалы, АҚШ-тан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінен автомобильдерді әкелген кезде міндетті түрде автокөлікке кедендік тазарту жүргізіледі. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай өзгеріс жоқ.
«Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі. Бастапқы алым, сондай-ақ техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі», – деді Н.Қысабаев.
Айта кету керек, қазір еліміз бойынша 300 мыңнан астам шетелдік көлік бар.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ