Әлеуметтік мәселерді көтерді
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова өзін кандидат етіп ұсынған “Қазақ аналары – дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне сайлау бойынша бүгінге дейін атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді.
Кандидат 16 күндік үгіт-насихат жұмыстары кезеңінде 6 өңірде – Қарағанды, Ақмола, Түркістан облыстарында, Астана мен Шымкент және Алматы қалаларында болып, халықпен кездесу өткізді. Кездесуде үміткер көп балалы отбасылардың мәселелеріне назар аударып, яғни қиын қаржылық жағдай, баспана мәселесі, балаларды оқытуды ұйымдастыру, қарыз жүктемесі проблемаларын алға тартты. Жұмыс істейтін әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесін де көтерді.
Тұрғындар тарапынан да көбіне әлеуметтік мәселелер көтеріліп, инфрақұрылым, ұлттық құндылық бойынша ұсыныс-тілектер ортаға салынды. Үміткер тұрғындар көтерген мәселелер мен әр ұсынысты назарға алатынын жеткізді.
«Біз осы уақытқа дейін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кандидаттар арасында ең аз қаржы жұмсай отырып, Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес ең нәтижелі жұмыс атқарыппыз. Дәл осы қарқынмен әрі қарай жұмысымызды жалғастыра береміз, деді С.Тұрсынбекова.