Өлеңдіден шыққан шебер отбасы
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жыл бойы өтетін «Бір ауыл – бір өнім» жобасының облыстық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Аталған жобаға облысымыздың түкпір-түкпірінен іскер қатысушылар келіп қатысты.
Іскер қатысушылардың арасында көзіме түскені – қой жүнінен жасалған ерекше бұйымдар, атап айтқанда, картиналар мен магниттер. Қолөнер туындыларын ұсынған қостанайлық шеберлер Аңқауовтар отбасы.

«Arlan Design» картина галереясы бүгінгі таңда сурет және қолөнер кәсіпорыны ретінде жақсы таныс. Галереяны ағайынды төрт жігіт ашқан еді. Олар Науырзым ауданы Өленді ауылының тумалары. 1997 жылы Аңқауовтар отбасы Қостанай ауданы Майкөл ауылына көшіп келген. Осында өсіп-өніп, 2011 жылы кәсіп ашады. Содан бері шебер ағайындылар өздерінің ізденістерінің, еңбектерінің жемісін көруде. Бертін келе, 2019 жылы Қостанайға көшіп, жеке кәсіптерін ары қарай дамытып, жалғастырып жатыр.

Қазір қолөнерші жігіттер үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншіден, балаларды оқытады, үйретеді, оларды еңбексүйгіштікке баулиды, шығармашылық қабілеттерін оятады және саусақтың ұсақ моторикасын шынықтыру арқылы ойлау қабілетін де дамытады.

Екінші бағыт – кәдесыйлар жасау. Картиналармен қатар, қой жүнінен магниттер, тері бұйымдарын тігіп, кілем тоқиды.

Үшінші бағыт – картина галереясы, әртүрлі картиналар жасаумен айналысады. Алдағы мақсаты – картиналарды еліміздің басқа өңірлеріне таратып, әлемге танымал брендке айналдыру.
Ауылдан шығып, қиындыққа мойымай, үлкен істі қолға алған осындай азаматтар баршаға үлгі болуға тиіс.
Айдана МАНАТ