Мектептегі ас мәзіріне мән берсек…
Жақында Қостанай облысы бойынша әйелдер күштері Альянсының кезекті отырысы өтіп, онда жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп тамақтануы мәселесі қаралды. Бұған дейін құрылған мониторингтік топ биылғы жұмыс жоспарын бекітті.
«Біз өңірде мектептердегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін талқыладық. Бұл мәселе қоғамда жиі талқыға салынатынын білеміз. Барлық мектепте тамақтану стандарттары тиісті дәрежеде жүзеге асырылмайды. Біздің балаларымыз барлық жерде пайдалы және сапалы аспен тамақтана бермейді. Сондықтан бұл мәселені әйелдер күштері Альянсы өз бақылауына алады», – дейді Қостанай облысы бойынша әйелдер күштері Альянсы мүшесі Әлия Жүнісова.
Әлия Жүнісованың айтуынша, Қостанай облысы бойынша әйелдер күштері Альянсы облыстық және қалалық білім басқармасымен бірлесіп, тиісті шараны қолға алған. Бұл жұмыстар мектептерді тамақтану сапасын аттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін мониторингтік топ тек мектептердің асханасына бақылау жүргізген болса, биылдан бастап балабақшалар мен колледждерде тамақтандыру жүйесі қалай ұйымдастырылғанын бақылауға алмақ.