“Жайлы мектеп” жобасы әзірленіп жатыр

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Қостанай таңы, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.«Біздің басты міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2021-ші жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген», – деді Үкімет басшысы.
Оның дерегінше, жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінді. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын колледждерді қамқорлыққа алды.
«Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден 400 оқытушы тартылды. Жалпы, білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді», – деді Әлихан Смайылов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓