Айыбы – атқаны!
Облыстың ПД қызметкерлері Жангелдин ауданының полицейлерімен бірлесіп браконьерлерді ұстады.
– Шилі ауылының маңындағы "Балдай" қыстағындағы рейдтік іс-шаралар кезінде жабайы жануарлардың қан-жыны табылды. Фазенда жұмысшылары етті көршілерінің бергенін айтқан. Тексеру барысында көрші үйден киіктің терісі, тұяғы, тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшылық мылтық тәркіленді, – дейді полиция аға лейтенанты Олжас Әбенов.
Аталған дерек бойынша 35 және 44 жастағы ер адамдар ұсталды. Оларға ҚР ҚК 339-бабы 1-бөлігі "сирек кездесетін және жойылу қаупі басым, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарларды заңсыз пайдалану" бабы бойынша айып тағылған. Сотқа дейінгі тергеу басталып, сот-биологиялық сараптама тағайындалды.
Жыл басынан бері Қостанай облысында полиция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 300-ден астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, экологиялық қылмыстар бойынша 9 қылмыстық іс тергелуде.