Қырғыз елінде бақ сынамақ

Қырғызстан жерінде өтетін байқауға Қазақстанның атынан бара жатқан қаршадай қызға барша қауым тілекші болып, шығарып салуда. Осы байқауға жас әнші облыстық мәдениет басқармасының және облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының қолдауымен бара жатыр. Арқалық қаласы «Қазақстаннан қырғыз бауырымызға» деп домбыра сыйлық сәлемдемесін жіберіпті. Қазақтың туын, ұлттық дәмінен ауыз тисін деп құрт-ірімшігін қоса салыпты.
Нұржайнаның жетекшісі ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Қарлығаш Жақыпбекова. Ол байқауда Әбілахат Еспаевтің «Отаным – бақыт ордасы» мен Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей» әндерін орындамақшы. Әнші немересін 68 жасар Гүлнар апайымыз үнемі жетелеп, демеп жүреді. Немересінің болашағына үміт артып, сенім білдіреді.
Қазақ елінің, соның ішінде Тобыл-Торғай жерінің үмітін арқалап, үлкен жолға шыққан әнші қызымызға сәттілік тілейміз. Жемісті күндеріміз көп болғай.