Ауыл жастары сынға түсті

Арқалықта ХХІ «Тың – 2022» жазғы ауылдық спартакиадасы жалауын көтерді. Бірліктің, кеңдік пен дархандықтың символына айналған бұл спартакиаданың өскелең жас ұрпақ үшін маңызы зор.
Спартакиаданың салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров құттықтау сөз сөйледі. Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков спартакиаданың өту тәртібімен таныстырды.
Спартакиадаға 13 ауылдан келген командалар спорттың 12 түрінен 2 күн бойы сынға түсті. Жарыс жылма-жыл жоғары деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Мұның бәрі ауылда спорттың кең қанат жайып, еркін дамуының айғағы.
Ауыл – рухани құндылықтардың қайнар көзі. Тарихқа үңілсек, атақты спортшылардың көбі ауылдан шыққан. Мәселен, Арқалық қаласына қарасты Үштөбе ауылының тумасы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Шпилевой, Қайыңды ауылынан шыққан Гайдар Алиев, Күнтуар Жәңкішев сияқты ерен күш иелерінің есімдері елге мәлім. Бүгінде аға буынның ізін жалғап, дүбірлі додаларда топ жарып жүрген жас спортшылар да аз емес. Үштөбе ауылынан зілтеміршілер Юрий Константинов, ағайынды Курбановтар, Родина ауылынан қазақ күресінен спорт шебері Жасұлан Бекболат, Молодежный ауылынан тоғызқұмалақтан спорт шебері Фарида Қазтай көш бастап жүр.
Спорттық жарыстарға ауыл әкімдері өздері бас боп келіп, команда құрамында ойнап, жанкүйер болды.
«Біз бұл іс-шараға жыл бойы дайындаламыз. Ауылымыздан қырыққа тарта спортшылар әкелдік. Көрсетіп жүрген нәтижелеріміз жаман емес. Спартакиадаға тұрақты түрде қатысып, ұдайы жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрміз. Ауылымызда спорт жақсы жетілген. Қаланың «Жігер» стадионы атынан бөлінген 2 әдіскеріміз бар. Оның сыртында мектебімізде 3 дене шынықтыру жаттықтырушысы жұмыс істейді. Волейбол, үстел теннисі және жеңіл атлетикадан көрсеткіштеріміз жақсы.  Ұлттық мерекелерде жаппай жарыстар өткіземіз. Көше, аула болып жарысқа түсеміз. Мақсатымыз – ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндеу. Өткен жылы ауылымызда жаттығу алаңын орнаттық. Футбол, волейбол алаңдары бос тұрмайды», – дейді Восточный ауылының әкімі Алмас Сәрсенбаев.
Сан алуан жарыстар «Жігер» стадионында және қала мектептерінің спорт залдарында өтті. Екінші күні кешкілік шаһарды дүбірге бөлеген ауқымды шараның қорытындысы шығарылып, қала әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов марапаттарды табыстады.
Жарысқа белсене қатысып жоғары жетістіктерге жеткені үшін Фурманов, Жалғызтал, Екідің, Жаңақала, Восточный ауылдарының командалары 20 мың теңге сыйақымен марапатталды. Үздік ойын өрнегін көрсеткен жекелеген спортшылар да осындай марапаттарға кенелді.
Кубок және мадақтама, сондай-ақ 100 мың теңге сыйақымен үшінші орынды Үштөбе ауылының командасы қанжығасына байлады. Осындай тәртіппен екінші орын және 150 мың теңге сыйақыға Ашутасты ауылының командасы ие болды. Бірінші орынды және 250 мың теңге сыйақыны, жарыстың бас кубогын Родина ауылының командасы ұтып алып, ХХІ «Тың – 2022» жазғы ауылдық спартакиадасының жеңімпазы атанды.
Жарысқа қатысушылардың құрметіне ән мен жырдан шашу шашылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ,
Арқалық
Суреттерді түсірген автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓